RU

Сақал қою сәнге айналды

Осы мақаланы ойласу ретінде жазуымызға бірер жағдай әсер етті. Дос-кластасымыз сақал қойды. Біраз жыл бұрын. Түк жараспайды. Бет-жүзі жіңішке. Қушиыңқырап қал­ған. Құрдаспыз ғой: "Ешкінің сақалы секілді. Ербеңдегені ерсілеу. Әсіресе, қырыңнан қарағанда қиындау", деп қыжыртатынбыз.

Күндердің күнінде кішкентай немереміз шар ете түсті. Сынып­тастың шо­шаңдаған сақалынан шо­шыды. Әзер жұбаттық. Класта­сы­мыз кү­ліп, әңгіме айта бастап еді, немереміз қайта жылады. "Саған сақал өсіру керек, немерелер сонда үй­ре­не­ді. Сақал қоймақ – сүннет", – дейді сыныптас дос. Оныкі өте орын­­ды. Алайда, Алдаркөсе ата­мыз­дың арғы жақ, бергі жа­ғынан табылатын сіз­дің тілшіңіз сақал жағынан мәз емес. Селдір-сирек бірдеңені қалай өсірерсіз?! Не істемек керек? "Сен сақалыңды жар­ты­лай қысқартқын, сонда сел­теңдемейді", дейміз біз клас­тас­ты тұқыртпаққа тырысып. "Біле-білсең, сақал төрт еліден кем бол­мауы тиіс", дейді сыныптас құрдас.

Жезделеріміз жетерліктей. Со­лар­дың бірі сақалының соншама сиректігіне қарамай, жан-жағына да, омырауына қарай да одағай­ландыра өсіріп жібереді. Қаншама қатты қалжыңдасқаныңызбен, жез­деңіз болғанымен, сақалға жар­масқан қайбір жақсы дейсіз. Бірақ шыдай алмайсыз. Ретсіз өсіп, репетін бұзады. Миықтарын мысқыл түртетіндер бізге – балдызына ым­дайды. "Сәл-пәл реттеңкіресеңіз қай­теді?" деп, жұмсақ жымиюға жуықтаймыз. "Қанша жерден оқы­ған атанғаныңмен, сақалды қыр­қуға болмайтынын білмейсің. Күнәға батып отырсың", деп жеңістік бермейді жездеміз.

Со­лар­дың бірі сақалының соншама сиректігіне қарамай, жан-жағына да, омырауына қарай да одағай­ландыра өсіріп жібереді.

Сонымен, сақал қою мәдениеті хақында аз-кем ғана ой қозғасақ, айып көрмегейсіздер. Әртүрлі әде­биеттер мен мағлұматтарға қара­саңыздар, сақал мәселесінің та­ри­хы мен тағдыры тереңде. Бертінірек  беткейлеріне ғана шағын шолу жасайықшы. Біздің дәуірімізге дейін түрлі-түрлі елдерде түрлі-түрлі сақал қою салттары болыпты. Шумерлер шал-шауқандығына немесе жалындаған жастығына қарамай-ақ сақал-мұрт өсіріпті.

Тіпті бұй­ра­лап, бояп, баптайтын болыпты. Сән­деп тараудың тәсілдерін ойлап тапқан. Сақалдың алуан қасиет­тері, жаман­дықтан сақтайтын киесі бар деп түсініпті.

Кейбір елдер­дің ер­кектері, жи­­һан­кез жау­ын­гер­ле­ріне дейін ұзын сақал­ды бопты. Ал қарсылас дұш­пандары сақалдың киесінен қорық­пай, аяусыз айқастар мен шай­қастар кезінде "тиімді" пайда­лан­ған. Са­қал­дан ұстап, бас кескенді қолайлы көрген. Мұны білген Ма­кедонскиі­ңіз, яки Ескендір Зұл­­қарнайын бүкіл әскерлеріне са­қал-мұрт қырғызуды заңға айнал­дыр­ған.

Орыстарыңызда сақал бұрын­нан-ақ бар. Қалың. Қаба. Мұрт та, сақал да аса ұзын болған. Наталья Дорожкина дейтұғын тарихшы мұ­ғалімнің жазуына қарағанда, орыс­тар бір замандарда жаппай сақал­ды, келесі бір кезеңдерде діндар­лары­нан басқаларының бәрі са­қалсыз жағдайларды бастан кешкен. Шың­ғыс ханның шапқын­шы­лығы дәуі­рін­де бұрынғы сала құ­лаш сақал­да­ры мен салбыраған мұрттарынан арылып, жаппай қыр­маққа кіріскен. Бірақ естерін тез жиып, христиан­дық негіздеріне қайта оралған.

Бә­рі­бір, әр пат­шаның тұсында әрқилы кепті өт­керген. Небір патшалар біресе мұрт пен сақал өсіру, біресе бірін алып, екіншісін қалдыру, кейде түгелдей сыпырып тастау турасын­да пәр­мен­дер беріп, жарлықтар шы­ғар­ған. 1757 жылы ұлы тұлға М.В.Ло­моносов "Сақал туралы гимн" жа­зып, жырлаған. ХІХ ғасы­ры­ңыз­дың өзінде орыс импера­тор­лары сақал-мұрт мәселесіне қайта-қайта назар жыққан. Дворяндар, ше­неуніктер және студенттер са­қал­дарын қырып жүруге міндеттелген. Тек кейбір әскер  түрлері­нің офицерлеріне ғана мұрт өсіруге мұрсат берілген.

Баршаңызға демей-ақ қоялық, көпшілігіңізге аян-дүр, кеңес өкі­метінің тұсында мұрт мәселесі біраз-біраз шешіліңкіреді. Орыстарда да, өзге ұлттарда да.

Мұртты кө­семге байланыссыз емес, әрине. Ал, сақал негізінен алыс ауылдар­дағы қарияларда ғана қалған. Бір таң­данарлығы, солардың сақалда­ры мұн­таздай тап-таза, қап-қа­ра­ла­ры да, бурылдары да, ақ күміс­тей­лері де сәулелі сезілетіндей еді. Биік-биік маяларды жинайтын шебер шал­дардың өзі шекелерін шарт таңған орамалдарын шешіп, сақал-мұрт­та­рын мәпелей сүрткенде ше, сүйкімді де сүйікті көрінетін-ді. Кол­хоздың қырманында қызыл қау­ыз­дап жүрсе-дағы, сақалдарына шаң жуытпастай шаңқан шалдар-ай! Де­сеңізші. Өкі­ніш­ке қарай, бертініректе, арақ деген бәлеге құны­ғып, құда­лықтарда сал­бы­раған мұрт­тарын майлы сорпаға  малып сорғыштап, сақалдарын сат­пақ­тап отыратын­дарды да көрдік емес пе? Обал-ай…

Әлхамдулла, мұ­сыл­манбыз. Алаш арыс­тары айтқандай. Сақал­дың қадір-қа­сиеті туралы мақал-мәтел жүдә көп. Арғы ата-баба­ларымыздың сақал-мұрт қоюында үлгі-өнеге аз емес. Қа­зақстан мұ­сыл­ман­да­ры діни басқармасын­дағы тиісті кісілерден пікір тарт­са­ңыз, пай­ғам­барымыз (с.а.с) са­қалды өзінің бет-жү­зіне, болмы­сына жа­ра­сымды етіп, жан-жа­ғын, ұзындығын қыс­қартып қойған. Хадистерде "Алла елшісі (с.а.с) сақалдың жан­дарын қысқартқанда, ұзы­нын да қысқар­та­тын" делінеді.

Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Тәуке ханның, Төле, Қазыбек, Әй­те­ке билердің, Бұқар жырау мен Абылай ханның, Махамбет пен Абайдың, Шәкәрім қажының, Ыбы­рай Алтынсаринның,  Ақан сері, Біржан сал, Жамбыл мен Ке­неннің, тағы басқа да текті тұл­ғалардың сақал­дары­нан хабар­дар­сыз. Күні кешегі Алаш асыл­дарының зиялы да зиятты келбеттеріне сақал-мұрттары кереметтей ке­ліседі-ақ.

Жүрген жерімізде жиірек сөз етілетін нәрсенің бірі – сақал. Әри­не, әр­кімнің өз еркінде. Өз құқығы өзін­де. Сонда-дағы, пікірсайыстың қат­ты­рақ қызып кететін кездеріне куә болатынымыз рас. Жақында ғана көп адамның көзінше сақал жа­рық­тық­тың төңірегіндегі талас тағы өршіді.

Қазір сақал қоя сала  кейбі­реу­лер­дің жүздері, керісінше, сұп-суық болып, қатыгезденіп кетеді

"Сақал қырған еркек әйел үкі­мінде", – деп салды бір кісі. "Жоқ, гәп сақалда емес, адамның пейіл-пиғылында, нысай-ниетінде. Осы­гүні қалың сақалдылардан қорқа­тын болдық қой. Баяғыда сақал қоя бастаған аға-аталарымыздың жүзі­нен шуақ есіп, мейірім төгілуші еді. Қазір сақал қоя сала  кейбі­реу­лер­дің жүздері, керісінше, сұп-суық болып, қатыгезденіп кетеді", – деді екінші кісі. "Иә-иә, әнебір мейірбан көрі­нетін екі-үш ініміздің жанар­лары жылуарлы, беттері қазақы, қайы­рым­ды еді, қаба сақалданған соң басқа ұлттың өкілдеріне, бөтен біреулерге айналғандай, өшіге, өш­пенді қарай­тындай ма, қалай? Осы жат ағым­дар жан дүниені мүлдем басқа­ша­лап жібереді-ау", – деді үшінші кісі.

"Не десеңдер, о деңдер. Жаппай, жалпылама сақал қоюға көше алмаймыз. Ол – ақиқат. Демокра­тия­лық, зайырлы, құқықтық мемлекетпіз. Ата заңымыз бойынша", – деді бір кісі жып-жылтыр, жалт-жұлт еткен иегін сипап қойып. "Дұрыс қой. Бірақ кеше алты жүз­дей адам қатысқан жи­налыс болды. Төралқаның үстелінде отырдым. Анда-санда, ара-арасында ғана бірен-саран әйелдер бар. Ер кісілер бес жүзден асады-ау. Бәрінің иектері сіздікі секілді. Жаппай жыл­мағайлық та онша келіспейтіндей көрінді", – деді екінші кісі күлім­сіреп. Осынау ойларды біраз жерге жеткізіп барып тоқтаған жұрт аз уақыт үнсіздіктен кейін қайта қауқылдасты.

Кейбіреулердің сақалы біресе баяғы Бухариндерге, Кагановичтерге, біресе біздің Алаш асылдарына ұқсап кетеді, өзіне керемет келіседі. Суретшілерді, сәулетшілерді, ақын-жа­зу­шы­ларды, тағы біраздарды қосқан­да, орта есеп­пен олардың отыз пайыздайы сақал-мұрт өсіреді.

Жиналғандар риза. "Құдайға шүкір, қоямыз десе, қа­тардағы қарапайым адамдарға да жағдай жеткілікті. Қайшы-құрал­дар да, ұстаралардың түр-түрі де барш­ы­лық қой қазір", – десіп, бә­туаға тоқтағандай болды. Баршасы.

Айтпақшы, біздің баяғы клас­та­сымыз да бүгінде шыли шошаңдап кететін сақалын өзгерткен. Бет-жүзіне лайықтап, дөңгеленте қиып, қысқартқан. Немерелер шошы­май­тынға айналған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/214534-sakal-koyu-senge-ajnaldy.html