Сақал қою сәнге айналды
Жарияланған күні:
Осы мақаланы ойласу ретінде жазуымызға бірер жағдай әсер етті. Дос-кластасымыз сақал қойды. Біраз жыл бұрын. Түк жараспайды. Бет-жүзі жіңішке. Қушиыңқырап қалған. Құрдаспыз ғой: "Ешкінің сақалы секілді. Ербеңдегені ерсілеу. Әсіресе, қырыңнан қарағанда қиындау", деп қыжыртатынбыз.
Күндердің күнінде кішкентай немереміз шар ете түсті. Сыныптастың шошаңдаған сақалынан шошыды. Әзер жұбаттық. Кластасымыз күліп, әңгіме айта бастап еді, немереміз қайта жылады. "Саған сақал өсіру керек, немерелер сонда үйренеді. Сақал қоймақ – сүннет", – дейді сыныптас дос. Оныкі өте орынды. Алайда, Алдаркөсе атамыздың арғы жақ, бергі жағынан табылатын сіздің тілшіңіз сақал жағынан мәз емес. Селдір-сирек бірдеңені қалай өсірерсіз?! Не істемек керек? "Сен сақалыңды жартылай қысқартқын, сонда селтеңдемейді", дейміз біз кластасты тұқыртпаққа тырысып. "Біле-білсең, сақал төрт еліден кем болмауы тиіс", дейді сыныптас құрдас.
Жезделеріміз жетерліктей. Солардың бірі сақалының соншама сиректігіне қарамай, жан-жағына да, омырауына қарай да одағайландыра өсіріп жібереді. Қаншама қатты қалжыңдасқаныңызбен, жездеңіз болғанымен, сақалға жармасқан қайбір жақсы дейсіз. Бірақ шыдай алмайсыз. Ретсіз өсіп, репетін бұзады. Миықтарын мысқыл түртетіндер бізге – балдызына ымдайды. "Сәл-пәл реттеңкіресеңіз қайтеді?" деп, жұмсақ жымиюға жуықтаймыз. "Қанша жерден оқыған атанғаныңмен, сақалды қырқуға болмайтынын білмейсің. Күнәға батып отырсың", деп жеңістік бермейді жездеміз.
Солардың бірі сақалының соншама сиректігіне қарамай, жан-жағына да, омырауына қарай да одағайландыра өсіріп жібереді.
Сонымен, сақал қою мәдениеті хақында аз-кем ғана ой қозғасақ, айып көрмегейсіздер. Әртүрлі әдебиеттер мен мағлұматтарға қарасаңыздар, сақал мәселесінің тарихы мен тағдыры тереңде. Бертінірек беткейлеріне ғана шағын шолу жасайықшы. Біздің дәуірімізге дейін түрлі-түрлі елдерде түрлі-түрлі сақал қою салттары болыпты. Шумерлер шал-шауқандығына немесе жалындаған жастығына қарамай-ақ сақал-мұрт өсіріпті.
Тіпті бұйралап, бояп, баптайтын болыпты. Сәндеп тараудың тәсілдерін ойлап тапқан. Сақалдың алуан қасиеттері, жамандықтан сақтайтын киесі бар деп түсініпті.
Кейбір елдердің еркектері, жиһанкез жауынгерлеріне дейін ұзын сақалды бопты. Ал қарсылас дұшпандары сақалдың киесінен қорықпай, аяусыз айқастар мен шайқастар кезінде "тиімді" пайдаланған. Сақалдан ұстап, бас кескенді қолайлы көрген. Мұны білген Македонскиіңіз, яки Ескендір Зұлқарнайын бүкіл әскерлеріне сақал-мұрт қырғызуды заңға айналдырған.
Орыстарыңызда сақал бұрыннан-ақ бар. Қалың. Қаба. Мұрт та, сақал да аса ұзын болған. Наталья Дорожкина дейтұғын тарихшы мұғалімнің жазуына қарағанда, орыстар бір замандарда жаппай сақалды, келесі бір кезеңдерде діндарларынан басқаларының бәрі сақалсыз жағдайларды бастан кешкен. Шыңғыс ханның шапқыншылығы дәуірінде бұрынғы сала құлаш сақалдары мен салбыраған мұрттарынан арылып, жаппай қырмаққа кіріскен. Бірақ естерін тез жиып, христиандық негіздеріне қайта оралған.
Бәрібір, әр патшаның тұсында әрқилы кепті өткерген. Небір патшалар біресе мұрт пен сақал өсіру, біресе бірін алып, екіншісін қалдыру, кейде түгелдей сыпырып тастау турасында пәрмендер беріп, жарлықтар шығарған. 1757 жылы ұлы тұлға М.В.Ломоносов "Сақал туралы гимн" жазып, жырлаған. ХІХ ғасырыңыздың өзінде орыс императорлары сақал-мұрт мәселесіне қайта-қайта назар жыққан. Дворяндар, шенеуніктер және студенттер сақалдарын қырып жүруге міндеттелген. Тек кейбір әскер түрлерінің офицерлеріне ғана мұрт өсіруге мұрсат берілген.
Баршаңызға демей-ақ қоялық, көпшілігіңізге аян-дүр, кеңес өкіметінің тұсында мұрт мәселесі біраз-біраз шешіліңкіреді. Орыстарда да, өзге ұлттарда да.
Мұртты көсемге байланыссыз емес, әрине. Ал, сақал негізінен алыс ауылдардағы қарияларда ғана қалған. Бір таңданарлығы, солардың сақалдары мұнтаздай тап-таза, қап-қаралары да, бурылдары да, ақ күмістейлері де сәулелі сезілетіндей еді. Биік-биік маяларды жинайтын шебер шалдардың өзі шекелерін шарт таңған орамалдарын шешіп, сақал-мұрттарын мәпелей сүрткенде ше, сүйкімді де сүйікті көрінетін-ді. Колхоздың қырманында қызыл қауыздап жүрсе-дағы, сақалдарына шаң жуытпастай шаңқан шалдар-ай! Десеңізші. Өкінішке қарай, бертініректе, арақ деген бәлеге құнығып, құдалықтарда салбыраған мұрттарын майлы сорпаға малып сорғыштап, сақалдарын сатпақтап отыратындарды да көрдік емес пе? Обал-ай…
Әлхамдулла, мұсылманбыз. Алаш арыстары айтқандай. Сақалдың қадір-қасиеті туралы мақал-мәтел жүдә көп. Арғы ата-бабаларымыздың сақал-мұрт қоюында үлгі-өнеге аз емес. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасындағы тиісті кісілерден пікір тартсаңыз, пайғамбарымыз (с.а.с) сақалды өзінің бет-жүзіне, болмысына жарасымды етіп, жан-жағын, ұзындығын қысқартып қойған. Хадистерде "Алла елшісі (с.а.с) сақалдың жандарын қысқартқанда, ұзынын да қысқартатын" делінеді.
Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Тәуке ханның, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің, Бұқар жырау мен Абылай ханның, Махамбет пен Абайдың, Шәкәрім қажының, Ыбырай Алтынсаринның, Ақан сері, Біржан сал, Жамбыл мен Кененнің, тағы басқа да текті тұлғалардың сақалдарынан хабардарсыз. Күні кешегі Алаш асылдарының зиялы да зиятты келбеттеріне сақал-мұрттары кереметтей келіседі-ақ.
Жүрген жерімізде жиірек сөз етілетін нәрсенің бірі – сақал. Әрине, әркімнің өз еркінде. Өз құқығы өзінде. Сонда-дағы, пікірсайыстың қаттырақ қызып кететін кездеріне куә болатынымыз рас. Жақында ғана көп адамның көзінше сақал жарықтықтың төңірегіндегі талас тағы өршіді.
Қазір сақал қоя сала кейбіреулердің жүздері, керісінше, сұп-суық болып, қатыгезденіп кетеді
"Сақал қырған еркек әйел үкімінде", – деп салды бір кісі. "Жоқ, гәп сақалда емес, адамның пейіл-пиғылында, нысай-ниетінде. Осыгүні қалың сақалдылардан қорқатын болдық қой. Баяғыда сақал қоя бастаған аға-аталарымыздың жүзінен шуақ есіп, мейірім төгілуші еді. Қазір сақал қоя сала кейбіреулердің жүздері, керісінше, сұп-суық болып, қатыгезденіп кетеді", – деді екінші кісі. "Иә-иә, әнебір мейірбан көрінетін екі-үш ініміздің жанарлары жылуарлы, беттері қазақы, қайырымды еді, қаба сақалданған соң басқа ұлттың өкілдеріне, бөтен біреулерге айналғандай, өшіге, өшпенді қарайтындай ма, қалай? Осы жат ағымдар жан дүниені мүлдем басқашалап жібереді-ау", – деді үшінші кісі.
"Не десеңдер, о деңдер. Жаппай, жалпылама сақал қоюға көше алмаймыз. Ол – ақиқат. Демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекетпіз. Ата заңымыз бойынша", – деді бір кісі жып-жылтыр, жалт-жұлт еткен иегін сипап қойып. "Дұрыс қой. Бірақ кеше алты жүздей адам қатысқан жиналыс болды. Төралқаның үстелінде отырдым. Анда-санда, ара-арасында ғана бірен-саран әйелдер бар. Ер кісілер бес жүзден асады-ау. Бәрінің иектері сіздікі секілді. Жаппай жылмағайлық та онша келіспейтіндей көрінді", – деді екінші кісі күлімсіреп. Осынау ойларды біраз жерге жеткізіп барып тоқтаған жұрт аз уақыт үнсіздіктен кейін қайта қауқылдасты.
Кейбіреулердің сақалы біресе баяғы Бухариндерге, Кагановичтерге, біресе біздің Алаш асылдарына ұқсап кетеді, өзіне керемет келіседі. Суретшілерді, сәулетшілерді, ақын-жазушыларды, тағы біраздарды қосқанда, орта есеппен олардың отыз пайыздайы сақал-мұрт өсіреді.
Жиналғандар риза. "Құдайға шүкір, қоямыз десе, қатардағы қарапайым адамдарға да жағдай жеткілікті. Қайшы-құралдар да, ұстаралардың түр-түрі де баршылық қой қазір", – десіп, бәтуаға тоқтағандай болды. Баршасы.
Айтпақшы, біздің баяғы кластасымыз да бүгінде шыли шошаңдап кететін сақалын өзгерткен. Бет-жүзіне лайықтап, дөңгеленте қиып, қысқартқан. Немерелер шошымайтынға айналған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/214534-sakal-koyu-senge-ajnaldy/