Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Белсенділер соққыға жығылған астаналық Әліби Жұмағұловтың ісін ашық тергеуді талап етуде

Жарияланған күні:

Астаналық Нұрлан Жұмағұловтың 24 жастағы баласы Әліби соққыға жығылған соң әлеуметтік желіге көмек сұрап, жариялаған посты жұртты дүрліктіріп, наразы пікірлерге ұласты. Белсенділер істің "коррупциясыз" тексерілуін талап етеді.

Әліби Жұмағұлов

Соққыға жығылған жігіттің әкесінің SOS-үндеуін желідегі әлеумет бірден қолдап, оның жазбасын 200 мыңнан аса адам қайта жариялаған. Адвокат жалдауға ақша жиналып жатыр, жас жігітті соққыға жықты деген күдікті - кәсіпкер Қайрат Жамалиевтің мейрамханаларына бойкот жарияланды, интернет арқылы петицияға қол жинау басталды. Енді белсенділер тергеу амалдарын коррупциялық сыбайластыққа жол бермей, жария жүргізуді талап етіп, қол жинап жатыр.

Соққыға жығылған жігіттің әкесі Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, кешкі сағат тоғызда Қайрат деген біреу баласын кездесуге шақырған. Ал түнгі сағат екіде жігіттің әке-шешесіне Әліби Жұмағұловтың курстасы телефон соғып, оның ауруханада ауыр халде жатқанын хабарлаған. Нұрлан Жұмағұлов өзінің постында соққыға жығылған баласының фотосуретін жариялаған.

Баламды біреулер жантүршігерлік қатыгездікпен ұрып-соққан, тіпті басы-көзінен тепкілеген, мұрны сынған, ұрты жырылып, құлағы жұлынған, бүкіл киімі қанға боялған, мойнында буындырған жіптің ізі қалған

Нұрлан Жұмағұлов "Келген кезде сұмдық картинаны көрдік. Баламды біреулер жантүршігерлік қатыгездікпен ұрып-соққан, тіпті басы-көзінен тепкілеген, мұрны сынған, ұрты жырылып, құлағы жұлынған, бүкіл киімі қанға боялған, мойнында буындырған жіптің ізі қалған", - деп хабарлады Нұрлан Жұмағұлов.

Баласы өзін қинап-азаптаған адамдарды атаған соң Нұрлан Жұмағұлов полицияға арыз түсірген. Нұрлан Жұмағұлов "Тергеуге қатысты күшті қысым көрсетіліп жатыр. Жоғары жақта қызмет істейтін бір шенеунік телефон соқты. Әлгі адаммен кездесіп, сөйлесуден бас тарттым әрі оған "әуелі өз балаңды біреудің тепкісіне беріп, мұның қандай екенін сезініп көр, сенімен сол кезде ғана сөйлесемін" дедім. Қазір бизнесмен ұсталып, үш күнге қамалған", - деп жазады.

Әлеуметтік желідегі көптеген қолданушы Қайрат Жамалиев – Астана қаласындағы мейрамханалар мен ойын-сауық орталықтары желісінің қожайыны, бай адам екенін жазады. Скептиктер мұндай істерге қатысы бар жандардың ақшаның күші мен құқық қорғау органдарындағы тамыр-таныстарының арқасында тиісті жазадан құтылып кеткен талай оқиға болғанын ескертеді.

Отандастарының құқығын қорғап, кінәлілерді жазалауды талап еткен халықтың қас қағымда реакция танытуы ел тарихында алғаш байқалып отыр. Қарапайым жандар жұмылып жапа шеккен отбасын бас-аяғы 5-6 сағатта қамқорлығына алды. Өйткені жұрт бұл қылмысты бүкіл қоғамға қарсы жасалған қылмыс ретінде қабылдады

Азаматтық белсенді Мұрат Әбенов "Жуырда ғана су тасқынынан зардап шеккендерге жұмылып жәрдемдесіп, азаматтық белсенділік танытқан әлеумет жас жігіт Әлібиге қарсы қылмысқа қатысты да бірден наразылық білдіріп, реакция танытты. Отандастарының құқығын қорғап, кінәлілерді жазалауды талап еткен халықтың қас қағымда реакция танытуы ел тарихында алғаш байқалып отыр. Қарапайым жандар жұмылып жапа шеккен отбасын бас-аяғы 5-6 сағатта қамқорлығына алды. Өйткені жұрт бұл қылмысты бүкіл қоғамға қарсы жасалған қылмыс ретінде қабылдады. Мұндай шұғыл реакция азаматтық белсенділіктің көрсеткіші. Бұл – адамдардың жұмылып ұйымдасуға, иық тіресе күресуге әзірлігінің көрсеткіші" деп жазады.

Әлеуметтік желі қолданушылары билік пен құқық қорғау органдары қоғамдық резонанстың қысымымен ғана шұғыл шаралар қолданды деп санайды.

"Әліби Жұмағұловтың соққыға жығылу фактісі қоғамда үлкен резонансқа ұласуына байланысты" (прокуратураның баспасөз релизінде осылай жазылған) Астана қаласы прокуратурасы ресми мәлімдеме жасады. Прокуратура хабарламасында "Тергеудің алғашқы күнінен бастап жәбірленуші мәлімдеген фактілерге қатысты барлық жайттарды анықтау үшін тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр" деп жазылған.

Кәсіпкер Қайрат Жамалиев ұсталып, оған қатысты бұлтартпау шарасын белгілеу үшін сәуірдің 25-і күні Астана қаласы Есіл аудандық сотында тыңдау өтті. Әліби Жұмағұловтың әке-шешесін қолдау үшін сот ғимаратына Астананың жүздеген тұрғыны келді, отбасымен келгендер де көп.

Сот Жамалиевті тергеу амалдары жүргізілетін мерзімге - екі айға қамау туралы шешім шығарды. Күдіктілердің тағы бірі - Жамалиевтің көлік жүргізушісі де ұсталған, ал үшінші күдікті - Жамалиевтің оққағарына іздеу жарияланған.

Нұрлан Жұмағұлов желі қолданушыларына "Халайық, кімді болсын тергеусіз, сотсыз жазалаудан аулақ болайық. Жамалиевтің дүние-мүлкін қиратып, сайлау учаскелерінде арандату әрекеттерін ұйымдастыруға шақырған лаңшыларға ермейік... Балам екеуміз мұны қаламаймыз әрі баршаңызды тоқтамға шақырамыз. Ең бастысы, қазір әділ тергеу басталып кетті, адвокат та іске кірісті..." деген өтінішін жариялады.

Сәуірдің 25-і күні кешкісін белсенділер "қоғамда үлкен резонанс тудырған әрі тараптар мәселені коррупциялық амалдарға жүгіну арқылы шешуге тырысуы мүмкін қылмыстық істерді антикоорупциялық жолдармен шешетін комиссия құруды талап етіп", интернетте Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, бас прокуратура мен ішкі істер министрлігі атына онлайн-петицияға қол жинауды бастады.

Ашық хатта "қылмыстық істерді әділ шешуге және адамшылыққа жат сипатымен қоғамда үлкен резонанс тудырған істер бойынша ақпаратты барынша ашық жариялауға көмектесуді" сұрайды. Бір тәулік ішінде онлайн-петицияға жеті жарым мыңнан көп адам қол қойған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/365246-belsendiler-sokkyga-zhygylgan-astanalyk-elibi-zhymagylovtyn-isin-ashyk-tergeudi-talap-etude/