Қайрат Жамалиев 13 жылға сотталды
Жарияланған күні:
Астана қаласының Қылмыстық істер бойынша арнайы мамандандырылған ауданаралық соты Қайрат Жамалиевті 13 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеу жазасын тағайындады. Енді атышулы істің бас кейіпкеріне айналған азамат алдағы 13 жылын қатаң тәртіптегі колонияда өткізеді.
Фото: Today.kz
Сот кәсіпкерді ҚР ҚК-нің үш бабы бойынша кінәлі деп тапты: 194 бап — (Бопсалау), 126 — (Адамды бостандығынан заңсыз айыру), 121 — (Сексуалды сипаттағы зорлық көрсету).
"Сот Жамалиев Қайратты ҚР ҚК-нің 126 бабының 2-бөлігінің 1,3 тармақтарымен, 121 бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен, 194 баптың 4-бөлігінің 2-тармағымен қарастырылған қылмыстармен айыпты деп танып, оған тиесілі барлық мүлкін тәркілей отырып, 13 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қатаң тәртіптегі түзету колониясында өтеу тағайындалады", — деді судья Ербол Рахымбеков жұмада үкімді жариялау кезінде.
Сот кәсіпкердің сыбайластарына да жаза шығарды. Арман Әбілтаев мүлкі тәркілене отырып, 12 жылға сотталды. Жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді.
Анатолий Прибытков мүлкі тәркілене отырып, сегіз жылға сотталды. Жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді
Еске сала кетсек, бұған, дейін мемлекеттік айыптаушы Жамалиевті 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Сот жабық режимде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Ербол Рахымбаевтың төрағалығымен өтті.
24 сәуірде зардап шегуші Әліби Жұмағұловтың әкесі Нұрлан Жұмағұлов өзінің Facebook-парақшасында кәсіпкер Қайрат Жамалиевтің екі сыбайласымен бірге 24 жастағы баласына қатысты зорлық-зомбылық әрекеттер жасағанын хабарлаған еді. Олар жас жігітті өлімші етіп ұрып, бет-әлпетін адам көргісіз жағдайға жеткізген. Ұлының видеосы мен суреттерін жариялап, көмек сұраған Нұрлан Жұмағұловтың жазбасы қоғамда үлкен наразылық тудырған еді. Бұл оқиғаға байланысты қылмыстық істі қарау барысын Ішкі істер министрі жеке өз бақылауына алатыны туралы уәде берген еді.
Келесі күні прокуратура сайтында Қайрат Жамалиевтің ұсталғандығы туралы ақпарат жарияланды. Осы күні құқық қорғау органдары кәсіпкердің басқа сыбайласын - Анатолий Прибытковты да ұстады. Ал үшінші күдікті Арман Әбілтаев маусым айының ортасында ұсталған болатын. Айыпталушы құқық қорғау органдарының қолына түспес үшін бет-әлпетін өзгерткен болатын.
Болжам бойынша, кәсіпкер мен жас жігіттің арасындағы жанжалға Қайрат Жамалиевтің азаматтық некедегі жас әйелі Айнұр Исина себеп болған. Жамалиев ұсталған бойда оның заңды некедегі жұбайы Алена Жамалиева БАҚ-қа күйеуінің "жұмсақ адам" екенін айтып, сұхбат берген болатын.
Жамалиев пен Прибытковқа қатысты жабық түрдегі сот ісі 15 маусымда басталған еді.
Сот үкімі шықпастан бұрын Қайрат Жамалиев Әліби Жұмағұловты соққыға жыққанын мойындап, "Адамды бостандығынан заңсыз айыру", "Бопсалаушылық", "Сексуалды сипаттағы зорлық көрсету" деген айыптарды қисынсыз санайтынын алға тартты. Соңғы сөзінде кінәлі еместігін және жас жігітке "балаша алданғанын" айтып ақталған еді.
Қайрат Жамалиев - «Jelsomino» қонақ үй-бутигі, «Артист» караоке-бары, «Habibi», «Молоко» мейрамханаларының иесі, сондай-ақ «ПАРИТЕТ 2003″ ЖШС құрылыс компаниясының бас директоры.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/845014-qayrat-zhamaliev-13-zhylgha-sottaldy/