Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында "Сирияға кетуді армандаған" азамат бұрынғы әйелін пышақтап өлтірді

Жарияланған күні:

Алматы облысында 33 жастағы Бақтыбай Полатбай есімді азамат ажырасқан әйелін қан-жоса қылып пышақтап, өлтіріп кетті деп хабарлайды 31 арна.

Қанды оқиға Талғар ауданына қарасты Дәулет ауылында болған. Суық қару ұстап, тапа-тал түсте бейқам отбасының ойранын шығарған "күйеу бала" әу бастан Сирияға кетуді мақсат еткен көрінеді. Үш күн бойы із кескен полицейлер күдіктіні әзірге тапқан жоқ. Ал жауыздықтың құрбаны болған Арайлым Дүйсекованың денесін туыстары 1 қарашада жер қойнына тапсырды.

Дүйсековтер отбасы орны толмас қазадан кейін қайғыдан қан жұтып, есеңгіреп отыр. Ауыр күрсініп, тілге әрең келген анасы қызының соңғы алты жылы қорлық-зорлықпен өтті дейді. Күйеуі қанша ұрып соқса да, екі баламды жетім қалдырмайын деп шыдап келген. Анасының айтуынша, күйеу баласы Арайлымды "Сені құрбандыққа шалып, Сирияға кетемін" деп қорқытқан.

"Ылғи жаман киноларды көретін. Сосын Арайлымды өлтіріп, Сирияға кетемін деп армандап жүрген. Мені ешкім таппайды, қайтып келіп қырамын деді. Қызыма ертең хиджаб кигізіп қоямын, сені құрбандыққа шалам деп армандайтын. Арманына жетті", - дейді марқұмның анасы Әлима Ахметова.

Туыстары Бақтыбай Полатбай қасақана әрекетті жүзеге асуры үшін жоспарлы түрде, дайындалды дейді. Ол жексенбі күні түс кезінде бейқам отырған үйге сау етіп жетіп келген.

Есік қаққанда алдымен үйден шыққан Арайлымның әкесіне 2-3 рет пышақ нұқып, көзіне газ баллонын шашып жібереді. Ол кісі көзін аша алмай отырып қалғанда, терезені күлдір еткізіп шағып, Бақтыбай ішке кірген. Өзінің кішкентай қызын терезеден шығарып, қашпақ болған Арайлымның шашынан ұстап қалып, бірнеше рет пышақ сұққан.

"Қашқан кезде артынан барып пышақтап тастады. Біраздан кейін мені өлтірем деп еді, сіңілім өлтірмеші, ақылың бар ғой деп алдады", - дейді марқұмның анасы.

4 литрге жуық қан жоғалтқан 31 жастағы келіншек Өтеген батыр кентіндегі ауруханаға жетпей жол үстінде жан тапсырады. Бұған дейін отбасы бірнеше рет полицияға шағымданған. Бірақ Алматыда арнайы жасақта қызмет ететін ағасы көмектесіп, босатып жібереді дейді. Марқұмның ет жақындары қаскөй "күйеу баланы" құзырлы органдар ұстап, әділ жазаға тартуын сұрайды.

"Бірнеше мәрте қаматтық. Оны жәрдем беріп шығарып жібереді. Полицейлерге біз шағымдандық. Олар келді. Әзірге нәтиже жоқ. Үш күн болды. Іздеп жатырмыз деп айтады. Әзірге нәтиже көріп отырғанымыз жоқ", - дейді марқұмның әкесі Әділхан Ахметов.

Ал Арайлым Дүйсекованың артында қалған Расул мен Кәусар атты қос бірдей бүлдіршіні қалған. Бекзат есімді жергілікті полиция инспекторы бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Бірақ Сирияға кетуді көздеген жігітті іздестіру жұмыстары республика емес, әзірге облыс көлемінде ғана жүргізіліп жатыр екен.

Тағы да оқыңыздар:

Көңілдестің жан сыры: Тату-тәтті отбасыны бұзып, бақытымды тапқан жоқпын

Британдықтар Ресейді тыңшы әрі қатыгез ел деп атады

Назарбаев Қаржы министрін Ақордаға шақыртты

Дипломаттар Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтаруға барын салуда

Жамбыл облысында биіктен құлап мүгедек болып қалған азамат көмекке мұқтаж

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1302936-almaty-oblysynda-33-zhastaghy-azamat-azhyr/