Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Өгей әкесінен қорлық көрген 12 жасар қыздың анасы жанайқайын жеткізді

Опубликовано:

Он екі жастағы өрімдей қызын өгей әкесі зорламақ болғанын айтқан шарасыз келіншек редакцияға хабарласып, көпшіліктен көмек сұрады деп хабарлайды NUR.KZ.

Қоғамда педофилдерді қатаң жазалау - қызу талқыланып жүрген мәселелердің бірі. Нәпсісіне ие болмай, кәмелетке толмаған ұл-қыздарға тиісіп, барлық адамдық қасиетінен айырылған жан – өмірдегі ең ауыр жазаға лайық. Бұл - қоғам пікірі. Мұндай жағдайлардың жиілеп кетуі дабыл қағуға негіз болып отыр. Алайда, олардың өз ортамызда жазасыз қалып жататыны өтірік емес.

Екі баласымен жалғыз қалған

Маржан - Алматыдағы асханалардың бірінде аспаз болып жұмыс істейді. Бірінші күйеуін 19 жасында жолықтырған. Алып қашқан. Оның ауылда әйелі, бір баласы барын Маржан кейін білген. Төрт жыл бір шаңырақ астында тұрған олар дәм-тұзы жараспаған соң, екі баламен ажырасып кеткен екен.

Екі баласымен жалғыз қалған келіншек ауылға қайта бара алмайды. Жеке өмірінде жолы болмаған Маржан бір ұл, бір қызын Қызылордадағы ата-анасына тастап, өзі Алматыға келіп, жұмыс істеп, жан бағады. "Бір жағынан, ауылға қайтайын десем, ондағы елдің "Қайтып келген қыз жаман" деген сөзінен сескендім", - дейді келіншек.

Тағы да сәтсіздік

Базарда самса пісіріп сатып күнін көріп жүрген Маржан біраз жылдан соң екінші күйеуін жолықтырып, онымен бас қосады. Алайда, оның айтуынша, бұл жігіттен де рахат көрмепті.

«Бұл күйеуім ішімдікке жақын болды, мен оған көз жұмып келдім. Ит-тартыспен өмір сүрдім. Мені ұратын, соғатын, қыдырымпаз болатын. Менің көзімше үйге неше түрлі қыздарды алып келіп жүрді. Ажыраспау үшін солардың бәріне көніп жүрдім», - дейді келіншек.

Маржан екінші рет ажырасқан деген сөзден қорқып, ел алдында масқара болудан қашқан.

Бұрын-соңды естімеген сұмдық жайт

Ауылда анасы ауырып қалған соң, Маржан балаларын өз қолына алады. Бір жағынан балаларынан жырақта жүруден де жалығады. Оларды ары қарай өзі өсіріп, тәрбиелегісі келеді. Араға бір жыл салып ол өмірінде бұрын соңды естімеген сұмдық жайтқа тап болып отыр. Небәрі 12 жастағы қызын оның екінші күйеуі зорламақ болған екен. Бүкіл өмірінің астаң-кестеңін шығарған жайтты есіне алған Маржан көз жасын тоқтата алмады.

«Міне, ұл-қызымды алып келгеніме бір жыл болған жоқ. Олар жазда келді. Осы жаққа мектепке бердім. Қысқы каникул кезінде ұлымды демалуға ауылға жіберген едім. Екеуін бірдей жіберуге, шынымды айтсам, қаражат болмады. Содан қызым үйде қалды. Жоғарыда айтқан жағдай мен жексенбі күні жұмыста болған кезде орын алған. Қызымның аузынан естігенде төбеме жай түскендей болды. Күйеуімді жек көріп кеттім. Одан кез келген нәрсені күттім, бірақ қаршадай қызға олай істейді деп ойлаған жоқпын. Үш ұйықтасам түсіме кірмеген жағдай. Бұл қалай болуы мүмкін деп таң қалдым», - дейді ол.

"Әрине, жаңалықтардан естіп жүретінмін, мұндай жағдайлардың орын алғанын. Бірақ дәл менің отбасым, дәл мені қызымның басынан бұл өтеді деп ойламағам", - деп көзіне жас алды келіншек.

Күйеуінің қызына жасаған қорлығы

Демалыс күні әйелін жұмысқа шығарып салып, үйде өгей қызымен жалғыз қалған күйеуі өзінің жымысқы ойын есікті іштен құлыптап алып жүзеге асырмақшы болған.

«Үйде сол күні қайным қонған. Жолдасым оның кеткенін күткен. Түс ауа ол шығып кеткен соң, есікті іштен іліп алыпты. Сөйтіп, қызымның жанына жатып, оны құшақтаған. Ал қызым болса, оны «әкем» деп жақын тартқан ғой. Сөйтсе, ол қызымның шалбарын шешуге әрекеттенген екен. Бұтын шешкенде қарсыласқан қызымның екі қолын қатты қысып жоғары ұстап, әдепсіз әрекеттер жасаған», - деп Маржан болған жайтты жеткізді.

Ол өгей қызының: «Анашыма айтып берем сізді», - деген сөздерінен кейін ғана есін жиып ала қойған.

"Зар илеген қызымнан именді ме, әлде есін жиып алды ма, әйтеуір, шүкір ары қарай бармапты. Бірақ қызымды: "Анаңа айтпа!", - деп қорқытыпты", - дейді Маржан.

Үйіне келген Маржан қызының дел-сал болып жүргенін көреді. Қызы басында томаға-тұйықтанып, анасына ешнәрсені айта алмағанымен, кейіннен сұрап қоймаған соң, барлығын айтып берген екен.

Бұл масқара оқиғадан кейін Маржан да, 12 жастағы қыз да осы күнге дейін есеңгіреген күйде жүргендерін айтады. Тіпті, полицияға шағымдану туралы ойланбаған.

«Өзім де, қызым да тығырыққа тірелдік. Полицияға шағымданбақ түгілі, өз-өзімді алып жүру қайғыға айналды», - дейді ол.

Маржан күйеуінің мұндай әрекетке не үшін барғанын сұрағанда ол өзінің өгей қызын зорлау ниеті болмағанын айтқан.

«Ол - менің де қызым, егер зорламақ болсам, баяғыда-ақ істеуші едім» - деп ақталды күйеуім», - дейді ызаға булыққан келіншек.

Маржанның анасы күйеу баласының бұл қылығын ести сала Қызылордадан келіп, оларды ажырастырып алыпты.

«Анама қарауға беті жоқ, тіпті, амандаспады. Кешірім сұрау ойында да жоқ. Ләм-мим деместен кетіп қалды. Ал қызым болса, енді оны "әке" демеймін, деп жылап отыр», - дейді ол екінші күйеуі жайында.

Қорғансыз келіншек мамандардың қолдауына зәру

Маржанды анасы бір-ақ күнде басқа үйге көшіріп әкеткен. Қазір олар басқа пәтер жалдап тұрып жатыр. Бірақ Маржан күйеуі оларды іздеп келіп, тауып алатындай көрінетінін айтады. Бұған дейін көрген қорлықтарын еске алған келіншек одан қорқып отырғанын да жасырған жоқ.

Бірақ дәл қазір Маржанның алдында тұрған мәселе - балаларын мектепке орналастыру. Себебі, бұрынғы мектебіне күйеуі іздеп бара ма деп сезіктенеді.

"Алматыдағы "Барахолкада" кафелердің бірінде даяшы болып жұмыс істегенмін. Күніне екі мың теңге табамын. Енді маған жұмыс іздеу керек. Балаларымды мектепке орналастыру керек. Бірақ, балаларымды бұл мектеп тіркеусіз алмай жатыр. Жаңа үйдің маңындағы мектепке күнде барам,  уақыт өтіп жатыр.  Шарасыз күйдемін. Қыстық каникулдан бері екеуі сабаққа барған жоқ», - дейді екі баланың анасы.

Сондай-ақ, шырылдаған ана портал арқылы көпшіліктен заңгер мен психологтың көмегіне зәру екенін жеткізді.

"Мектепке орналастырсам бір реттеліп қалар едім. Қызымның да психологиясы бұзылды. Анадай жағдайдан кейін жылай беретінді шығарды. Оған психолог керек. Ал менің оған қаражатым жеткіліксіз. Шыны керек, қатты уайымдап жүрмін, болашағы не болады? Есінде бәрі қалып қойды ғой. Күйеуімді жазалағым келеді. Бірінші күйеуімнен алимент өндірейін десем, екеуіміз заңды некеде жоқпыз.

Бірақ балалар соның атында. Енді, осының барлығын заң жүзінде қалай реттейтінімді білмей отырғаным. Қайда барарымды білмеймін. Ата-анам бұл жөнінен көп нәрсе білмейді. Кімге барып жүгінем, оған жүгіруге қалай уақыт табамын? Жұмыс істеу керек. Әр минутым санаулы. Аш қалмау үшін мен уақытымды текке кетіре алмаймын", - деген ана осы жайтқа бей-жай қарай алмайтын жандардан көмек сұрауда.

"Анам балалардың әкесі - бірінші күйеуіме хабарласып көрген. Ол - Нарынқолдың жігіті. Өзімнен он бес жас үлкен. Барлық мән-жайды түсіндіріп айтқан екен, ол балаларды анасы асырай алмаса, онда өзімнің жаныма алам депті. Алимент төлегісі келмейді. Мен балаларымсыз қалай өмір сүремін? Мен арақ ішіп, қаңғып жүрген әйел емеспін. Бар тапқан-таянғанымды балаларымның аузына тосамын, оларды тәрбиелеуге жанымды салып жүрмін. Тек осылардың барлығын реттеп алатын заңдық көмек керек болып тұр, ", - дейді ана.

Тағы оқыңыздар: 

"Келін" фильмінде төсек сахналарын ойнаған актриса Ермек Тұрсыновтың "өтіріктерін" елге жайып салды

БҚО-да газшылардың қызметінен кейін егіз балалардың анасы ыс тиіп көз жұмды

Қазақстан парламенті өзінің қосымша өкілеттігін өзі ұсынбақ

Шымкенттіктер бала туу көрсеткіші бойынша елімізде көш бастады

Қожайынының қолын құшақтағанды ұнататын ерке мысық желіде жұлдыз болды

ОҚО әкімі жігіттер тиіссе, дзюдошы қыздардан көмек сұрайтынын айтты

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1377411-ogey-akesinen-qorlyq-korgen-qyzdynh/

pixel