ОҚО-да бас ұстаз оқушының зорланғаны дәлелденсе, қызметінен кетпекші
Жарияланған күні:
ОҚО, Сарыағаш ауданы, Абай ауылындағы шуға қатысты жаңа дерек шықты. Аудандық білім бөлімі басшысы "7 жасар баланы жоғары сынып оқушылары бірнеше айдан бері зорлап келді" деген ақпарат расталып, сараптама дәлелденсе, отставкаға кететінін айтты деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.
Өткен аптаның соңында бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желілерде тараған жантүршігерлік ақпаратқа қатысты өңірдің білім саласының мамандары тілшілерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді.
Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов болған жайды тарқатып айтып берді. Айтуынша, 7 жасар баланың әжесі өткен жылдың қыркүйек айында құзырлы органдарға немересі тамыз айында көрші балалармен шомылуға барып, сол жақта дене жарақатын алды деп шағым түсіріпті.
Алайда дәрігерлер баланың денесінде жарақат белгілері болмағандықтан полицейлер дәрігерлердің қорытындысын негізге алып, қылмыстық істі қысқартқан. Араға бірнеше ай салып 7 жасар баланың әжесі құзырлы органдарға тағы да шағым түсіреді. Бұл жолы сексуалдық зомбылық бабы бойынша арыз жазған.
«2018 жылдың 14 қаңтар күні қылмыстық іс қоғалған. Жәбірленуші балаға сот медициналық сараптама тағайындалған. 19 қаңтарда ОҚО сот сараптамалар институты тарапынан медициналық тексеру жұмыстары жүргізілді. 29 қаңтар күні шыққан қорытындыға сәйкес баланың денсаулығында ешқандай зақым болмағаны туралы тұжырымдама берілген»,-деді Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы.
Бас мұғалімнің айтуынша, қазіргі таңда екінші рет сараптама тағайындалған. Оның қорытындысы шығатын күнді бөлім басшысы білмейтінін алға тартты.
«Бұл іспен құзырлы орган айналысып жатыр» деп ағынан жарылған бөлім басшысы 7 жасар жәбірленуші мен оларды зорлады деп айыпталған жоғары сынып оқушыларымен психолог мамандары жұмыс жүргізіп жатқанын алға тартты.
Тек "немерем зорлық көрді" деп шағым түсірген әжей психологтарды үйіне кіргізбей жатыр екен. Сондай-ақ, Майрихов мырза шағым түсіруші әжей немересін соңғы екі аптадан бері сабаққа жібермей отырғанын жеткізді. Оның адвокатына баланы сабаққа жібермеген ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертіпті.
Қылмыстың істің тергелуіне байланысты қалған мәліметтер тергеу құпиясы болып отыр. Қоғамдық резонанс тудырған бұл іс ОҚО ІІД басшылығының назарында.
Айта кетерлігі, Сарыағаштың бас мұғалімі мектеп оқушыларының зорлық ісі толығымен дәлелденсе, өзі отставкаға кететінін мәлімдеді. Ал облыстық білім басқармасының басшысы болса, тек аудандық білім бөлімінің басшысы ғана емес, бұған қатысы бар барлық мамандар жұмыстан кетуі керек деп кесіп айтты.
Ал егер тағылған айып дәлелін таппаса, жәбірленушәлер мен мектеп ұжымы, тіпті білім бөлімінің өзі жала жапқандар мен жаңсақ ақпаратты таратқандарды сотқа сүйремек.
Одан өзге Бауыржан Майрихов бұған дейін әлеуметтік желілерде зорлау фактісі орын алған соң мектеп директоры күдіктілерден "енді зомбылық көрсетпейміз» деп тіл хат жаздыртып алыпты деген ақпарат шындыққа мүлдем жанаспайды деп отыр.
«Маман әрі бала тәрбиелеп отырған әке ретінде 1 сынып оқушысының мұндай оқиғаны ойдан құрастыруы мүмкін бе?» деген сауалымызға бөлім басшысы былайша жауап берді:
«Бұл бойынша қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Шынымен өзі айтты ма, әлде әлдекімнің айдауымен бе?.. Тиісті органдардың өздерінің сараптамалары бар екен ғой, баланың өтірік немесе шын айтатынын анықтайтын...», - деп қысқа қайырды Бауыржан Майрихов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1721561-oko-da-bas-staz-okusyny-zorlangany-dleldense-kyzmetinen-ketpeksi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.