Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қарағандылық әйел күйеуінің бұрынғы жұбайы мен балаларын сабап тастады

Опубликовано:

Қарағанды облысының Сәтпаев қаласында келіншек түн ортасында күйеуінің бұрынғы әйелінің үйіне кіріп, балаларымен қоса сабап тастаған деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Көрнекі фото: ptzgovorit.ru
Көрнекі фото: ptzgovorit.ru: UGC

Оқиға осы жылдың наурыз айында орын алған.

Тергеу жұмыстарының мәліметі бойынша, сол күні 29 жастағы келіншек өз сыбайластарымен бірге күйеуінің бұрынғы әйелі тұратын пәтеріне келіп, шу шығарыпты.

Жанжал барысында күдікті мен оның достары пәтер иесін, оның әпкесі мен балаларын ұрып кеткен.

"Күдікті белгісіз әйелдермен бірге есігін қағады. Үйді жәбірленушінің ұлы ашқан соң, әйелдер ішке еніп кеткен. Күйеуінің бұрынғы әйелін көрген келіншек "Неге сен тоқтаусыз менің жұбайыма телефон шала бересің?" деп айғайлап, оның шашына тап берген екен. Онымен қоса, күдікті әлгі әйелді балағаттап тастаған", - деп хабарланған қылмыстық істің ақпаратында.

Жәбірленушінің әпкесі мен оның қызы жанжалды тоқтатқысы келген. Алайда ашуға булыққан әйелдер оларды да ұрып тастапты.

Осы уақытта айғайлаған дауысты естіген көршісі көмекке жүгіріп келген. Бұл кезде келіншек пен оның сыбайластары қашып үлгеріпті. Есін жинаған әйел бірден полицияға жүгінген екен.

Полиция бұл жағдайға қатысты 149-баптың 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғап, Сәтпаев қалалық сотына жолдаған.

Сотта күдікті өзінің әрекетін мойындамай, пәтерге бармағанын, ешкімге қол көтермегенін айтқан. Дегенмен оқиғаның куәгері болған көршісі әйелді танығанын жеткізіпті.

"Мен дүкеннен түнде келе жатқанмын. Подъезге кіргенімде жоғары қабаттағы көршілердің айғайлаған дауысын естідім. Есік кішкене ашық тұрған екен, сол кезде мен балағат сөздер айтқан үш әйелді байқадым. Содан соң оларға "Сендер не істеп жатырсыңдар?" деп айғайладым. Менің даусымды естіген соң әйелдер пәтерден шығып, қашып кетті. Ал үйге кіргенде мен соққыға жығылған әйел мен оның әпкесін, жылап жатқан балаларды көрдім. Дәлізде барлық заттар шашылып жатты" ,- деді сотта куәгерлік танытқан көршісі.

Жәбірленуші сотта шабуыл жасаған келіншек бұрынғы күйеуінің әйелі екенін айтты.

Сондай-ақ, ол бұрынғы күйеуімен сөйлеспейтінін, ал балалары үнемі хабарласып тұратынын жеткізді.

Іске қатысты барлық дәлелдер жиналған соң, сот күдіктінің кінәлі екенін анықтап, бір жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1754247-karagandylyk-jel-kjeuini-bryngy-zbajy-men-balalaryn-sabap-tastady/

pixel