Ақтөбеде төртінші қабаттан құлап кеткен келіншектің туыстары өз шындығын айтты
Жарияланған күні:
Ақтөбеде төртінші қабаттан құлап кеткен келіншектің туыстары NUR.KZ порталына мән-жайды айтып берді. 26 жастағы Назкен Оразованың тұрмысқа шыққанына бір ай ғана болған.
"Қызды 18 тамыз күні Ақжар ауданында той жасап ұзаттық. Тұрмысқа шыққанына бір ай жеті күн болған екен. Хабарласқанымызда шағым айтқан емес. Отбасы құрғандарына бір-ақ ай болды. Олар махаббаттың арасында жүрген балалар. Не болғанын қайдан білейік, терезеден ұстап өзі кетіп қалған. Енесіне "Сау бол" деп айтқан. Сол кезде енесі үйінде болған екен.
Жұмыстағы күйеуіне қоңырау соққан. "Терезенің алдында отырмын, өмір сүргім келмейді" депті. Мүмкін басқа үйден шошынды ма, кім білсін... Ортаға үйрене алмай жатырқады ма деп те ойлаймыз. Бірақ, ақыл есі сау", - дейді марқұмның туысы.
Туыстарының айтуынша, жас жұбайлар "Нұр сити' ауданынан екі ай бұрын ғана үй алған екен. Жігіт баспаналы болған соң бір айдан кейін той жасайды.
Қазір қыздың туыстары болған жағдайға түсіне алмай отыр. Марқұм келіншек ата-енесімен бірге тұрған.
"Өзі еңбекқор еді. Жастайынан жұмыс істеді. Ыдыс-аяғына дейін өзі алды, саудасын жасады. Ешкімге салмақ салған жоқ. Назкен десе Назкен еді. Нәзік болатын. Жұмбақ өлім. Ішіңді күйдіреді", - дейді апасы.
Туыстары марқұмның денесін сот-медициналық сараптамадан бүгін алады.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде 26 жастағы тұрғынның төртінші қабаттың терезесінен құлап, көз жұмғаны жайлы ақпарат тарады.
Қазіргі уақытта аталмыш факт бойынша "өзіне қол салуға итермелеу" бабымен қылмыстық іс қозғалған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1754992-aktbede-trtinsi-kabattan-klap-ketken-kelinsekti-tuystary-z-syndygyn-ajtty/