Айзат Әбдісаматтың анасы марқұм қызына тыныштық беруді талап етті
Жарияланған күні:
Танымал тележүргізуші Айзат Әбдісаматтың анасы Айша Төлемісова NUR.KZ порталына сұхбат беріп, сотты жеті айға дейін созған шенділерге ренішін білдірді. Айша ханым әлі күнге дейін қызының рухына тыныштық бермегендерге өкпелі.
Естеріңізге сала кетейік, сәуір айында Ақтөбедегі тұрғын үйлердің біріндегі лифтте тележурналист Айзат Әбдісамат көз жұмған еді.
Айзаттың қазасына лифт есіктерінің дұрыс жабылмауы себеп болған.
Елді дүрліктірген оқиғаға қатысты сот отырысы жеті айға жалғасып, өткен аптада нүкте қойылды.
"Мен ешкімнен моральдық ақы талап етпеймін. Шүкір, жан-жағым, ағайын-туысым бар. Қызымның қазасы арқылы байып кетуді ойлайтын адам емеспін.
«Алдыңа келсе, атаңның құнынын кеш» деген қазақ. Егер әу баста бізден кешірім сұраса, бір үйді асырап отырған адамдарды сотқа да сүйремес едік.
Мендегі тілек – қарапайым халық Айзат секілді тұрмыстық оқиғалардың құрбаны болмасын деген ой. Сол реттелсе деген мақсат.
Бірақ жеті ай бойы ешкім кешірім сұрап келмеді. Мүмкін, біздің ашуымыз басылсын деген оймен де осынша уақыт сот отырысын созған шығар. Мен оларды кешірдім, тек қызымның рухы тынышталсыншы", - деді Айша Төлемісова.
Жеті ай бойы Шалқар мен Ақтөбе арасын жол қылған ана сот үкіміне қатыса алған жоқ.
"Өзім мектепте математика пәнінің мұғалімімін. Жеті ай бойы сот болады деп Ақтөбеге шапқылаумен болдым.
Қалаға артынып-тартынып барсам, сот кейінге қалды деп шығарып салады.
Осы аралықта оқушыларымның сабақ үлгерімі нашарлап кетті. Қазір білім беру жүйесінің өзгергенін білесіздер.
Қалаға қатынап жүргенімде шәкірттерім де қараусыз қалды. Міне, қайта-қайта сұрана беруден шаршап, сот үкіміне қатыса алмадым", - дейді Айзаттың анасы.
Айша ханым қызының ұрыс-керісті ұнатпағанын, өмірде ақкөңіл әрі адал адам болғанын айтты.
"Айзатым ұрыс-керіс, дау-дамай дегенді жаны қаламайтын адам еді. Міне, бақилық болса да оған тыныштық бермей жатырмыз. Маған қызымның рухы тынышталғаны керек.
Ешқандай да өтемақы, моральдық шығын талап етпеймін. Мұндай қайғылы жағдайды ешкімнің басына тілемеймін.
Жарты сағат бұрын сөйлескен ақкөңіл қызымнан дәл бұлай айырыламын деп кім ойлаған? Артында 3 жасар қызы қалды.
Айзаттың көрмеген қызығын Іңкәрі көрсін. Айзатым ақжарқын еді. Көз тиді ме, кім білсін?", - дейді аяулы ана.
Еске сала кетейік, Айзат Әбдісаматтың қазасына қатысты сот үкім шығарып, кінәлілер жазасын алды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1759165-ajzat-bdisamatty-anasy-markm-kyzyna-tynystyk-berudi-talap-etti/