Астаналық модель-депутат өзін кім соққыға жыққанын айтты (фото)
Жарияланған күні:
Астанада ашық киінгені үшін аяусыз соққыға жығылған модельдің кімнен таяқ жегені белгілі болды. Динагүл Тасова желіде қызу талқыланған оқиға жайлы шындықты өзі айтып берді деп жазады NUR.KZ.
Соққыға жығылған модель оқиғаға қатысты өз мәлімдемесін алған жарақатының суретімен бірге жүктеген. Оның айтуынша, елімізде жылына 40 мыңнан астам әйел көрген қорлығы салдарынан көмекке жүгінуде. Би-би-си модельмен орын алған оқиғаға қатысты сұхбаттасты.
"Оқиға 30 қараша күнгі сән көрсетілімінен бастау алды. Отандық дизайнер Дана Дүйсенбаева өзінің батыл қыздарға арналған көйлегін елге паш етуді маған сеніп тапсырды. Ол мөлдір көйлек болатын. Сән апталығынан кейін барлығы маған қошемет көрсетіп, мақтау сөздерді айта суретке түсіп жатты.
Содан кейін, ол фотолар желіге, артынан ақпараттық сайттарға тарап кетті. Ғаламторда барлығы мені қызу талқылауға көшті. Бірі әдемі көйлекті көрсе, енді бірі жалаңаш қызды көрген. Қысқасы, барлығы мені сынауға кірісті.
Бұл жағдай менің сүйіктіммен ара қатынасыма кері әсерін тигізді. Ол желідегі жағымсыз пікірлер салдарынан сегізінші желтоқсан күні маған қол көтеріп, мені кемсітті. Мен кетіп қалғаныммен, ол менің ноутбук пен телефонымды алып қалды. Мүлде байланыссыз қалдым. Ол болса, менің барлық акаунттарымды өшіріп тастады" , - деп бастады ару.
Динагүл ел арасында қызу талқыланған фотосессияға да бірден келіспегенін айтты.
"Мен біраз уақыт бойы ойландым. Біріншіден, физикалық тұрғыдан шамам болмады. Мен түсірілімге оқиғадан соң, он күннен кейін келісімімді бердім. Оған дейін мен тіпті жүре алмайтын едім. Оған қоса, үй мәселесі туындады. Мен тіпті, жақындарыммен байланыса алмадым.
Мен ол адамға қатты сенгенмін. Бес жыл бірге болдық. Алайда, маған қолдау көрсетудің орнына, ол мені соққыға жықты. Он күннен кейін, мен өз-өзімді қолға аламын деп шештім. Фотосессияға қатысып, оған не бүлдіргенін көрсеткім келді. Себебі, ол маған қандай зардап келтіргенінен бейхабар болды. Сол күннен бері хабарласпадық" , - деді Динагүл Тасова.
Оған қоса, модель сүйіктісінің үстінен полицияға шағым түсірмеген болып шықты.
"Мен полицияға жүгінген жоқпын. Ресми тұрғыдан ол маған ешкім емес. Күйеуім емес, сондықтан менің алдымда ешқандай борышы жоқ. Мен оны онсызда суреттердің арқасында жоқ қылдым десем болады. Халық көрсін, талқыласын. Онымен араласу-араласпауын шешсін. Болған істі қазбалап, онымен тайталасып, ара-қатынасымызды анықтағым келмейді. Оны мүлде көргім келмегендіктен, оның үстінен арыз жазбадым", - дейді бойжеткен.
Динагүл Тасова өзінің депутаттық лауазымы жөнінде де бар шындықты айтып берген.
"Мен парламент емес, жастар мәслихатының депутатымын. Бұл мемлекеттік емес, қоғамдық ұйым. Мен мемқызметкер емес, еріктімін десем болады. Біз балалар мен қарттар үйіне барып, қолымыздан келгенше көмек береміз.
Ал басты жұмысым - модель. Сән саласында жүргеніме бес жыл болды. Мен модельдік агенттікпен келісімшарт бойынша жұмыс істеймін. Және болашақта да өз мансабымды жалғастырмақпын.
Қазіргі таңда, балалар мен әйелдерге қолдау көрсететін ұйымды ашуды жоспарлап отырмын. Еліміздегі қорлық әрекеттерді тоқтатудың дамуына үлес қоссам деймін" , - деп қайырды ару.
Айта кетейік, бұған дейін астаналық депутат қызды соғып тастағаны туралы жазған болатынбыз. Ару желіде төсін көрсеткені үшін танымал болып кеткен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1770400-astanalyk-model-deputat-zin-kim-sokkyga-zykkanyn-ajtty-foto/