Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қарағандыда браконьерлердің шабуылынан қаза тапқан инспектордың достары шу шығарды

Жарияланған күні:

Қарағанды облысында браконьерлер шабуылынан көз жұмған инспектор Ерлан Нұрғалиевтің достары жүргізіліп жатқан тергеудің әділетсіздігіне шүйлікті. Қорықшының өліміне қатысты үш күдікті ұсталғанымен, олар екінші көлікте болған төрт азаматтың іске куәгер ретінде тартылғанына ашулы деп хабарлайды КТК арнасы.

Фото: Скриншот
Фото: Скриншот: Facebook

Күллі елді дүр сілкіндірген оқиғада қаза тапқан қорықшының достары оның өліміне қатысты тергеу жұмыстарының дұрыс өтпей жатқанын алға тартты. Олар ұсталған үш азаматтан басқа, тағы төрт күдікті болуы тиіс дейді.

21-ші қаңтарда Астанада жиналғандар екінші джипте болғандар елеусіз қалып отырғанын айтады. Тіпті 4 браконьер куәгер ретінде ғана тартылып жатқан көрінеді.

"Мүйіз сатып алып, сатып жүретін. Солардың аты-жөнін неге айтпайды? Біз бәрін біліп отырмыз. Бұл төртеуді куәгер деп шығарып жібере салмақшы. Яғни ұсталғандар ұрып өлтірді, біз кетіп қалдық демекші ғой. Оларды неге босатып жіберген?", - дейді Абзал Масабаев.
"Ол төртеуі күдікті емес, қылмыскерлер. Ішінде бірге болған. Ол төртеуі неге қарап тұрды?  Неге арашаламады? Кісі өледі екен, ол төртеуі жай куәміз дейді", - деп күйінді Болат Хамитов.
Ерлан Нұрғалиевтің достары Фото: Скриншот КТК
Ерлан Нұрғалиевтің достары Фото: Скриншот КТК: Facebook

Сонымен қатар марқұмның достары тағы бір бірқатар мәліметтерді жайып салды. Айтуларынша, ұсталған күдікті үшеу де, куәгер ретінде тартылған төртеу де – Қызылорда облысындағы бір ауылдың жігіттері.

Бұрыннан браконьерлікпен табыс тауып жүргендер екен. Ерлан Нұрғалиев тірі кезінде іздеріне талай мәрте түсіп, ұстай алмай жүріпті.

Оған қоса, ұсталған үш күдіктінің бірі Қайрат Ақшановтың үстінен былтыр ғана қылмыстық іс қозғалған. Алайда, Ақтөбеде киік атып ұсталған аңшы жазадан сытылып кеткен.

Дереккөз: КТК

Еске сала кетейік, "Охотзоопром" компаниясының екі қызметкеріне браконьерлер шабуыл жасаған болатын. Бұл оқиға Қарағанды облысындағы инспекторлардан қашып кетпек болғандардың ізіне түсу кезінде орын алған.

Салдарынан қызметкерлердің бірі Ерлан Нұрғалиев ауруханада көз жұмды. Ал тірі қалған қарағандылық инспектор оқиғаны баяндап берген еді.

Артынша марқұм болған инспектордың өліміне күдікті деп танылған азаматтарға іздеу жарияланып, күдікті ретінде үш азамат тұтқындалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1774370-karagandyda-brakonerlerdi-sabuylynan-kaza-tapkan-inspektordy-dostary-su-sygardy/