"Есіктен құлаған": Түркістан облысында 5- сынып оқушысын автобус қағып кетті
Жарияланған күні:
Түркістан облысында 5 сыныпта оқитын баланы оқушылар тасымалдайтын автобус басып кеткен. 11 жастағы Мейрамбек Рысбеков жүріп бара жатқан автобустан түсіп қалып, мерт болды деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
Қайғылы жағдай ағымдағы жылдың 29 қаңтар күні Келес ауданына қарасты Жүзімдік ауылында болған. Аталған автобус төрт шақырым жердегі көрші Бірлесу ауылдық округінен балаларды тасымалдаған екен.
"Таңертең сағат 8-де үйден шығып кеткен. Автобусқа мінген кезде оның сынып жетекшісі Эльмира Күзербаева автобустың есігін қарап тұрасың деп тұрғызып қойған. Шамамен 60 шақты бала мінген. Балалардың айтуынша, ол 700 метрдей жүргенде 10 сыныпта оқитын бір қызбен екеуі ұрсысып қалады. Ол баламды үш-төрт рет тепкен.
Сол кезде жүріп бара жатқан автобустың есігі ашылып кетеді. Оны тергеушіге жүргізушінің өзі де мойындаған. Ал балам автобустың есігінен ұстап қалған. Сол кезде әлгі қыз баламның қолынан ұрып, ол құлап кеткен. Мейрамбек алдыңғы есіктен құлап, артқы дөңгелек оны басып өткен. Бірақ автобус тоқтамастан, мектепке бір-ақ барған. Балалар болған оқиғаны апайларына айтқан. Оны шамамен 20 минуттан кейін басқа ауыл тұрғыны өліп жатқан жерінен тауып алған",- дейді баланың әкесі Бектұрсын Сәтбаев.
Қазіргі таңда тергеу шаралары жүргізілуде. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1779497-esikten-klagan-trkistan-oblysynda-5-synyp-okusysyn-avtobus-kagyp-ketti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.