Қорғаныс министрі Арыстағы жарылыс "табиғи құбылыс" деген сөзіне түсініктеме берді
Жарияланған күні:
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қоғамда қызу талқыға түскен Арыстағы жарылыс туралы пікіріне түсініктеме берді деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қорғаныс министрі зардап шеккен халықтан әлі де кешірім сұрауға дайын екенін мәлімдеді.
"Жағдайды әділ бағалау үшін жауапкершілік пен кінәні шатастырмаған жөн. Мен жауапкершіліктен қашпаймын. Ал кінәні сот анықтайды. Бұған дейін бірнеше рет өз атымнан, әскерилер атынан Арыс тұрғындарына жағдайға байланысты өкініш білдірдім. Қаралы үйге көңіл айттым, кешірім сұрадым. Әлі де зардап шеккендерден жүзбе-жүз кездесіп, кешірім сұрауға дайынмын", - дейді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ермекбаевтың сөзінше, әскери адамның міндеті - әдемі сөздер айтып, популизммен айналысу емес, нақты іспен жағдайды түзету.
"Бейтаныс жігіт келіп, амандаспай, өзін таныстырмай, экономикаға нұқсан келтірдің деп айыптаса және камера алдында кешірім сұрауды талап етсе, әр адам әртүрлі жауап қатар еді. Мен де бейтаныс адамға кешірім сұраудың негізі жоқ деп жауап бердім. Қайталап айтамын, мен камера алдында емес, зардап шеккен тұрғындардан кешірім сұрадым және тағы сұрауға дайынмын", - деді ол.
Сонымен бірге, министр қоғамдық резонанс тудырған "Табиғи нәрсе" сөзі туралы түсініктеме берді.
"Мен орыс мектебін бітіргенмін. 1-сыныптан 10-сыныпқа дейін қазақ тілінде бірде-бір сабақ алмағанмын. Сондықтан, қазақ тілін мүлтіксіз білемін деп айта алмаймын. Бірақ, елімізде қазақ тілін жетік білетін адамдар "табиғи нәрсе" сөзін орысшаға дұрыс аудармады. Сөздікте "табиғи" сөзі ең алдымен "естественный" деп аударылады.
Айтқым келгені, бөлім командирін кінәлі деп айтуға болмайды. Себебі, әрбір әскери нысанда қауіп-қатер болады. Мұнда салғырттық немесе немқұрайлық, әдейі жасалған немесе техникалық себептер болуы мүмкін. Оны арнайы комиссия анықтайды", - деп түйіндеді Қорғаныс министрі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1804015-korganys-ministri-arystagy-zarylys-tabigi-kbylys-degen-szine-tsinikteme-berdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.