Әйел адам Алматы облысына бара жатқан жолда автобустан құлап, көз жұмды (видео)
Жарияланған күні:
Моңғолияның 47 жастағы тұрғыны Жайнагүл Халық өзінің тарихи отанына бірнеше аптаға қонаққа келген. Оңтүстік астананы аралап, жақын маңдағы туысқандарын көріп қайтуға бара жатқан әйел есігі жабылмаған автобустан құлап, алған жарақаттардың салдарынан көз жұмды деп хабарлайды "Алматы" телеарнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Жайнагүл Алматыны аралап болып, Үмбетәлі ауылында тұратын туысқандарына барып келу үшін Алтын Орда ауданындағы қала маңындағы автобусқа отырған.
Әйел адам автобус жүргізушісінің ыстықтан есікті жаппағанын байқамапты.
Куәгерлердің айтуынша, бұрылыстардың бірінде жолаушы жүріп келе жатқан автобустан құлап түскен. Ол басымен қатты соғылып, алған жарақатынан қайтыс болды.
Қайтыс болған адамның ағасы Мейрамбек Сайран айтуынша,, адамдар болған оқиғаның түрлі нұсқасын айтады екен. Жүргізуші тез жүрмегенін, бұрылыстан өткенде шуды естіп, тоқтағанын айтты. Ал жолаушылары есік транспорттың алғаш қозғалған кезінен-ақ ашық тұрғанын алға тартуда.
"Жайнагүл құлап қалғанда, олар айқайлап, жүргізушіден тоқтауын сұраған. Бірақ автобус тек 20 метр қашықтықты жүріп өткен соң ғана тоқтады. Жүргізуші тіпті жолаушының құлап кеткенін байқамаған", - деді туысы.
Марқұмның жақындары дабыл қағуда. Олар қайғылы оқиға қайталануы мүмкін деп санайды. Себебі ауа баптағыштардың жоқтығынан кейбір жүргізушілер қозғалыс кезінде есіктерді жаппайды.
Мамандар Алматы-Ұзынағаш бағытындағы автобустардың ескіргенін айтады.
Полицияда "абайсызда адам өліміне әкеп соққан көлік құралын басқару" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іс жүргізу шешімі сарапшылар өз қорытындысын бергеннен кейін қабылданады.
Авторы: Алтыншаш Смағұлова, Әмірболат Хұсаян, Әсет Кұндақбаев
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1806155-jel-adam-avtobustan-klap-almaty-oblysyna-bara-zatkan-zolda-kz-zmdy-video/