Алматыда 11 сынып оқушысы ашық тұрған кәріз шұңқырына құлап кетті (видео)
Жарияланған күні:
Алматыда қас қарайған уақытта қосымша сабақтан қайтып келе жатқан 11 сынып оқушысы беті ашық тұрған кәріз құдығына құлап кеткен. Оқыс оқиға салдарынан жеткіншектің аяғы сынған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Зардап шегуші қыздың анасының айтуынша, оқиға күні кеше Тоқатаев көшесінде, кешкі сағат 19:07 шамасында болған.
Биыл мектеп бітіретін оқушы қосымша сабақтан үйіне келе жатыпты.
Көше қараңғы болғандықтан жеткіншек беті ашық тұрған кәріз люкін байқамай қалып, ішіне құлап кеткен. Оның айқайлап жатқан дауысын естіген әкесі мен көршілері қызды жабылып шұңқырдан шығарып алыпты.
Содан соң олар бірден жедел жәрдемге хабарласқан. Алайда ақ халаттылар сағат 19:53-те бір-ақ жеткен.
Ауруханаға апарып тексерген соң, оқушының сол аяғы сынғаны анықталған. Дәрігерлер оның аяғын гипстеп, 4-5 аптаға дейін үйде жату керектігін айтқан.
Оқушының анасының сөзінше, бұл кәріз құдығының беті ашық тұрғанына 1 жыл болыпты.
Құзырлы мекемелердің ешқайсысы келмеген соң, люктің бетін әртүрлі нәрсемен өздері жауып жүріпті.
Сөйтіп, қыздың ата-анасы Instagram желісіндегі akimat_almaty парақшасына болған жағдайды түсіріп жіберген.
Өтінішке жауап берген Алматы әкімдігі Алатау ауданының әкімі Ш.С. Рыспаевқа тапсырма берілгенін хабарлаған.
Осылайша бүгін әкімдіктен екі қызметкер келіп, кәріз шұңқырының бетін жауып кеткен. Алайда жапа шегушінің анасы мұның да бір күні опырылып қалатынын айтуда.
Сондай-ақ, ол сол жолмен жүретін басқа да жүргіншілерге, аяғы ауыр әйелдер мен қария кісілер үшін алаңдап отыр.
Айта кетсек, елімізде кәріз құдығына құлау оқиғасы жиіліп кетті.
Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында 17 ақпан күні жоғалып кеткен 13 жастағы Бағдәулеттің денесі осындай құдықтың бірінен табылған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1827055-almatyda-11-synyp-okusysy-asyk-trgan-kriz-skyryna-klap-ketti-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.