Жарты жыл ішінде елімізде 800-ге жуық қыз-келіншек зорланған
Жарияланған күні:
Елімізде әр бес жарым сағат сайын бір әйел зорланады, ал әр тәулік сайын бір бала зорлыққа ұшырайды. Ал осы жылдың алғашқы жарты жылдығында 800-ге жуық қыз-келіншек зорланған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Елімізде зорлық құрбаны болған қыз-келіншектер қарасы күн санап көбейіп келеді. Алайда, олардың көбі абыройының тапталғанын уақытында айтпайды.
Солардың бірі - Мөлдір. Оны 18 жасында сыныптасы күштеп зорлаған. Алайда бұл туралы бойжеткен 13 жылдан кейін ғана айтқан. Тіпті, оның өмірінде мұндай оқиға екінші рет бола жаздаған.
"Екінші рет, менің жасым жиырма бесте болатын, ол кезде зорлық болған жоқ. Мен ол кезде келісім-шартпен әскер қатарында болғанмын. Сол бастықтарымның бірі. Бірақ әрекеттенді. (...) "Жоқ қаламаймын, жіберіңіз" деген сияқты сөздерді естіген де жоқ. Құлағына да асқан жоқ. Одан кейін мен арыз жазғанмын. Бірақ, жұмыста көрсеткен қысымнан кейін арызымды қайтарып алып, жұмыстан шығып кеттім", - дейді елорда тұрғыны.
Заңгерлер мұндай жағдайға тап болған қыз-келіншектерге бірден құзырлы органдарға шағымдануға кеңес береді. Өйткені, араға айлар, тіпті жылдар өткізіп жазған арыздан шығатын нәтиже шамалы дейді. Істі тергеу, дәлелдеу қиынға соғып, кінәлі жазасыз қалуы әбден мүмкін.
"Өзіне қатысты қылмыстың болғанын дәлелдеу қиын. Дәл уақытысында арызданса, ол арызы қабылданып жаңа айтып кеткендей сот-медициналық сараптама, сонымен қатар биологиялық сараптамалар тағайындалып, өз дәлелін табуға және қылмысты сотқа жолдауға үлкен мүмкіндік береді", - дейді заңгер Абзал Бекосынов.
Бас прокуратура келтірген деректерге сүйенсек, биылғы алғашқы жарты жылдықта әйелдерге қатысты 797, кәмелетке толмағандарға қатысты 179 құқықбұзушылық тіркелген.
Деректерге сүйенсек, әлем бойынша зорланған қыз-келіншектердің арызының 35 пайызы ғана полицияда тіркеледі екен.
Себебі, зәбір көргендер түрлі себептермен болған жағдайды жасыратын көрінеді. Яғни, олардың нақты санын есептеу өте қиын дейді телеарна.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1827892-zarty-zyl-isinde-elimizde-800-ge-zuyk-kyz-kelinsek-zorlangan/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.