Ақтөбеде зорланған мектеп оқушысының қазіргі жағдайы белгілі болды
Жарияланған күні:
Ақтөбеде дәрігерлер өз үйінде зорланған мектеп оқушысының қазіргі жағдайын айтып берді. Сондай-ақ, полиция азғынға іздеу жариялаған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақ халаттылардың сөзінше, кәмелет жасына толмаған қыз балаға ота жасалған.
"Баланың жағдайы қазір қалыпты, ем алып жатыр. Әкелгенде бала есін жоғалтпаған. Ота жасалып, қан тоқтатылды", - дейді облыстық балалар ауруханасының дәрігері Егор Роскидайло.
Ал ұстаздар оқушының мектепте үздіктердің қатарында болғанын айтады.
"Кеше бала отадан шыққанша түнгі сағат 12-ге дейін сынып жетекшісімен бірге қасында болдық. Бала оқу үздігі, сабақты жақсы оқиды, алғыр, мектебіміздің жұлдызы деуге болады. Бізде бастауыш сыныптар бойынша 300 бала оқиды. Мектеп ішіне, сыртына бақылау камералары қойылған. Күдіктіні көрген жоқпыз. Оқушының үйге жалғыз қайтуға ата-ананың берген рұқсаты бар", - дейді мектеп директордың орынбасары Гүлшара Қаусова.
Облыстық ПД бұл мәліметке қатысты ресми мәлімет таратқан жоқ. Дегенмен департаменттің Instagram-дағы парақшасында іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны жазылған.
"Полиция қызметкерлерімен кәмелетке толмаған балаға қатысты ауыр қылмыс жасаған күдіктіні анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Аталған қылмысты ашуға, сондай-ақ оған қатысы бар күдікті азаматты ұстауға бағытталған жедел-тергеу іс-шараларын Ақтөбе облысы Полиция департаментінің бастығының өзі басқарды. Оған қоса тәжірибелі қызметкерлер тартылған", - делінген желідегі хабарламада.
Күдіктінің табылмай жатқанынан Ақтөбе халқы қорқынышта отыр. Себебі жантүршігерлік ақпарат әлеуметтік желі арқылы тарап кеткен.
"Баланы бірінші папасы тауып полиция шақырған. Кішкентайынан көз алдымызда жүрген бала ғой. Үйіне су сурап алдап кірген деп естідік. Енді оның табылмай жатқаны әр адамға қауіп төндіріп тұр. Қорқынышпен отырмыз", - дейді көршісі.
Қазір әлеуметтік желіге отбасы туралы барлық мәліметтер шығып кеткен. Қоғам белсендісі еліміздің бас полицейінен шара қолдануды талап етті.
"Құрметті Ерлан Заманбекұлы, Ақтөбедегі 9 жастағы бүлдіршінге жасалған қылмысқа қатысты анықтама желіде жүр. Отбасы туралы барлық мәлімет ашық тарап жатыр. Жасөспірімнің кәмелеттік жасқа толмаған құрбыларының атынан бастап, ата-анасының жұмыс орындары да көрсетілген. Сізден бұл ақпараттарды таратуды тоқтатуды сұраймыз", - дейді қоғам белсендісі Дина Смайлова.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбеде күні кеше, 12-желтоқсанда мектеп оқушысының зорланғаны туралы хабар тараған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1831775-aktbede-zorlangan-mektep-okusysyny-kazirgi-zagdajy-belgili-boldy/