Жамбыл облысындағы бекетте жанармайы бар вагон өртеніп кетті (фото, видео)
Жарияланған күні:
Бүгін түнде Жамбыл облысындағы Шоқпар бекетінде төтенше жағдай орын алды. Анықталғандай екі вагон рельстен шығып кеткен, ал олардың біреуінің ішінде бензин болған. Салдарынан өрт шыққан деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Шу ауданындағы Шоқпар теміржол станциясында түнгі екіге жақын болған.
60 тонна бензині бар цистерна вагон рельсінен шығып кеткен. Ал екінші вагонда контейнері бар платформа болған.
"Жанар-жағармайы бар цистерна бір жағына құлады. Апат салдарынан мұнай өнімдері төгіліп, кейін өрт шықты. Өрттің жалпы аумағы 600 шаршы метрді қамтыды, теміржолдың 75 метр жолы зақымдалды.
Оқиға орнына Жамбыл облысының төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бағдат Данилов пен өрт сөндіру қызметінің басшысы Ермек Момбаев жетті.
Шу, Алайғыр, Еспе станцияларында орналасқан 10 жолаушы пойызының кідірісі болды. ҚТЖ-ның көмегімен жақын маңайдағы 10 жеке тұрғын үйден 42 адам эвакуацияланып, Шоқпар ауылындағы туыстарының үйіне жайғастырылды", - деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.
Өрт сағат 5: 20-да ауыздықталған. Өртті Шу ауданының өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жеке құрамының алты қызметкері мен екі техникасы, Шу теміржол станциясынан өрт сөндіру пойызы сөндірген.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы 16 маусым күні кешке Алматыдағы ADK сауда ойын-сауық кешені маңында өрт шыққан еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1862704-zambyl-oblysyndagy-bekette-zanarmajy-bar-vagon-audarylyp-rtenip-ketti-foto-video/