Өскемен полициясының бастығы көз жұмды
Жарияланған күні:
Өскемен полиция басқармасының бастығы Дәуір Ыбыраев қайтыс болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, қаланың бас полицейі денсаулығына байланысты еңбек демалысында болған. Ол бүгін өмірден өткен.
"Өскемен қаласы полиция басқармасының бастығы Ыбыраев Дәуір Болатұлының қайтыс болғаны туралы үлкен өкінішпен хабарлаймыз", – делінген облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Полиция полковнигі Дәуір Ыбыраев – Семей қаласының тумасы. Ведомстволық жоғары оқу орнын бітірген соң 2000 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысы жедел-тергеу бөлімшелерінде қызмет еткен.
Сонымен қатар Бородулиха және Шемонаиха аудандарының ішкі істер бөлімдерін басқарған. 2016 жылдан бері Өскемен қаласы полиция басқармасының бастығы болып қызмет атқарды.
Қызмет барысында өзін жоғары тәртіпті және білікті офицер ретінде көрсетті, қылмыстың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті қорғауға, қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын-алуға және жолын кесуге елеулі үлес қосқан.
Өзінің кәсіби біліктілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен әріптестері мен азаматтар арасында лайықты беделге және құрметке ие болды.
ШҚО ПД басшылығы мен жеке құрамы, ішкі істер органдарының және ШҚО ұлттық гвардиясының ардагерлер кеңесі марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.
Еске сала кетейік, бұған дейін белгілі композитор Кеңес Дүйсекеевтің 74 жасында өмірден озғаныны хабарлаған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1864179-skemen-policiasyny-bastygy-kz-zmdy/