Олжас Сүлейменовтың немересі қаза болған жол апаты: Кінәлі азаматша бостандыққа шықты
Жарияланған күні:
Белгілі ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтың немересі қаза болған жол апатына кінәлі деп танылған Малика Мұхитова мерзімінен бұрын бостандыққа шықты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Нұр-Сұлтан қалалық сотының ресми сайтына сілтеме жасап.
Соттың мәліметінше, осы жылдың 23 маусымында елордадағы "Байқоңыр" аудандық соты 2018 жылы бас бостандығынан айырылған Малика Мұхитованың жаза мерзімінің өтелмеген бөлігін ауыстыру туралы өтінішті қанағаттандырмаған.
Енді Нұр-Сұлтан қаласы сотының апелляциялық сатысы аталған шешімнің күшін жойған.
"Бас бостандығынан айырудың өтелмеген бөлігі айыппұлға ауыстырылды. Қылмыстық кодекстің 73-бабына сәйкес, сотталған адам қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген не жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзбаған жағдайда, сот жазаның қалған өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыруы мүмкін", – делінген қалалық соттың хабарламасында.
Мемлекеттік билік органы Мұхитованың заңның осы талаптарын орындағанын мәлім етті.
"Бүгінгі таңда ол жазаның басым бөлігін өтеді. Жазаның өтелмеген бөлігі 4 ай 27 күнді құрайды. Ол жазаны өтеу тәртібін бұзуға жол берген жоқ. Үлгілі мінез-құлқы және мекеменің қоғамдық өміріне белсене қатысқаны үшін үш рет ынталандырылған, жұмыстан жалтармады. Мекеме тарапынан да оң сипаттама берілген", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ сотталушының Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының шешімі бойынша моральдық өтемақыны толық өтегені белгілі болды.
Прокурор мен мекеме өкілі сотталушының өтінішхатын қолдап, жазаны жеңіл түріне ауыстыруды сұраған.
Осылайша, жоғарыда айтылған мән-жайлардың негізінде апелляциялық саты бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны айыппұлға ауыстырған.
Дегенмен, Мұхитоваға қатысты көлік құралын басқару құқығынан бес жыл мерзімге айыру жазасы күшінде қалады.
Айта кетейік, бұған дейін Астана қаласы Есіл ауданы № 2 аудандық сотының 2018 жылғы 13 қарашадағы үкімімен Малика Мұхитова абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерінің талаптарын бұзғаны үшін (ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі) кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан, 2 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Естеріңізге сала кетсек, жол-көлік оқиғасы 2018 жылы маусым айында Астана қаласында болды.
Малика Мұхитова тізгіндеген шетелдік көлік Ескендір Сүлейменовтің мотоциклімен соқтығысқан болатын. Салдарынан Ескендір оқиға орнында көз жұмған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1870411-olzas-slejmenovty-nemeresi-kaza-bolgan-zol-apaty-kinli-azamatsa-bostandykka-sykty/