Шалқарда түн ішінде екі бірдей инспектордың көлігі өртенді
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Бозой ауылында түн ішінде полицияның екі көлігі отқа оранды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
Оқиға 7-8 тамызға қараған түні сағат 2:37 минутта тіркелген. Ауыл әкімімен іргелес тұратын полиция қызметкерлерін ұйқыда жатқан жерінде әкімнің әйелі оятқан.
"Менің баспанам полиция инспекторының үйімен бір қатарда тұр, бір үйдің екі басында тұрамыз. Көліктер аулада тұрды. Хабар түскен бойда ауладағы бақшаға жалғанған шлангіні іске қосып, қатты жанып жатқан отты сөндіре бастадым. Әйелімді полиция инспекторларын оятып, шақырып келуге жұмсадым. Учаскелік полицейлер келіп, екінші көлікті де сөндірді. Көлік алдыңғы жағынан бастап өртенген. Дер кезінде сөндіргендіктен толық жанып кеткен жоқ. Оталып тұр", – дейді Бозой ауылының әкімі Жасұлан Жұбаназаров.
Өртенген көліктерден 10 метр жерде тұрған әкімнің көлігі дін аман. Полиция қызметкерлерінің көлігін біреу өртеді ме, әлде от техникалық ақаудан шықты ма әзірге белгісіз.
Ауыл әкімінің айтуынша, полиция инспекторы ауылға жақында ғана келген. Ал екінші көліктің ауылға не үшін келгені белгісіз.
"Полиция инспекторы ауылға оқиға болардан бір апта бұрын ғана келді. Өрттің шығу себебі белгісіз. Бірнеше күннен бері тергеу тобы жұмыс жасады. Жауап алу жұмыстары жүргізілді. Көшеде болған адамдармен сөйлесті. Балалардың бәрін жіберді, ешкімді қамаған жоқ",– дейді ауыл әкімі.
Әзірге белгілісі, 3000-ға жуық тұрғын бар ауылда полиция қызметкерлері бірнеше күннен бері тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
"Тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Өрттің неден шыққанын анықтауға сараптама тағайындалды", – деп хабарлайды ПД баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, бұған дейін Каспий теңізінің жағасында өрт шыққанын хабарлаған едік.
Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысында салынып жатқан екі қабатты жеке тұрғын үйден өрт шыққанын жазған болатанбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1870868-salkarda-tn-isinde-eki-birdej-inspektordy-kligi-rtendi/