БҚО-да мектеп төбесі сабақ кезінде оқушылардың үстіне құлап түскен
Жарияланған күні:
Апаттық жағдайдағы ғимаратта білім алу Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Достық ауылындағы жүздеген мектеп оқушылары үшін үйреншікті жағдайға айналған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Алты жасар баланың анасы ұлы мектепке жіберуге қорқатынын атап өтті. Сабақ кезінде ол үнемі басын көтеріп, төбеге қарай береді екен.
"Мені мектепке шақырды. Сынып таза емес болды. Цемент пен гипстің қалдықтары партада жатты. Мұғалімдер сыныптағы төбенің құлағанын айтты. Ұлымның шашында кішкене кесектер болды. Ол аздап жарақат алды. Мектеп ескі, бәрі құлап жатыр", - дейді Снежана.
Орта мектеп директоры өзінің тоғыз жылдан бері осында жұмыс істейтінін және жыл сайын ғимарат мәселесін көтеретінін жеткізді. Қазір мектепте 820 оқушы оқиды.
"Ғимаратта төбе құлаған жерлер көп. Біз косметикалық жөндеуді өз күшімізбен жасаймыз, бірақ бұл жеткіліксіз болып жатыр. Сонымен қатар, технология кабинетінде еден бөлінді. Біз бұл сыныпта сабақ өткізбейміз", - деді Светлана Голубева.
Осы орайда Бәйтерек ауданының білім бөлімі Достық ауылында жақын уақытта мектеп салу жоспарланып отырғанын хабарлады.
"Қазір мектеп ғимаратының құрылысының жобалық-сметалық құжаттары жасалуда. Жұмыс 2021 жылы басталады деп үміттенеміз. Облыстық басшылық бұл проблеманы біледі", - деді Бәйтерек ауданының білім бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин.
Еске сала кетсек, елорданың кезекші мектептерінен коронавирус дертін жұқтыру жағдайлары тіркелді.
Сонымен қатар, 14 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданы Парыгина ауылындағы мектептердің бірінде кезекші сыныпта білім алып жүрген екінші сынып оқушысынан коронавирус инфекциясы анықталғанын жазған едік.
Кейінірек, ШҚО-да тағы да вирус жұқтырған үш оқушы науқас тіркелді.
Одан бөлек, Солтүстік Қазақстанда да 12 оқушыдан коронавирус анықталды.
Сондай-ақ, Павлодар облысында 9 оқушының қауіпті дертті жұқтырғаны белгілі болды. Олардың төртеуі – мектепке барып жүрген балалар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1877563-bko-da-mektep-tbesi-sabak-kezinde-okusylardy-stine-klap-tsken/