Алматы облысында қатыгез ана сәбиін өлтіріп, денесін мұздатқышта жасырған
Жарияланған күні:
Алматы облысында екі жастағы бүлдіршіннің өлімі ашылды. Оқиғаның мән-жайы Polisia.kz бағдарламасының кезекті шығарылымында айтылды деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.
Басылым мәліметінше, 2020 жылдың 5 қазанында сағат 16:00 шамасында Қаратал ауданының полиция бөліміне Үштөбе қаласындағы жеке үйлердің бірінен екі жастағы баланың өлі денесі табылғаны туралы ақпарат келіп түскен.
Аталған дерек қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігі "Жас баланы өлтіру" бойынша тіркеліпті.
"Тәртіп сақшыларына баланың анасының туған әпкесі хабарласқан. Оның сөзінше, ол шілде айынан бастап жиенін көрмеген. Сіңлісі әпкесіне баланы Талдықорған қаласында жалдамалы тәрбиешіге бергенін айтып, үйіне кіргізбеген. Іштей күдіктенген əйел, оның жоқтығын пайдаланып, терезе арқылы үйге кіріп, мұздатқыштан баланың денесін тапқан", - делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері бірден күдіктіні іздестіру шараларын жүргізіп, бірнеше сағат ішінде Үштөбе қаласының 27 жастағы тұрғынын қолға түсірген. Әйел ұлын өлтіргенін мойындап, баланың әкесімен ажырасқанын жеткізіпті.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторында жатыр.
Еске салайық, өткен жылдың күзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкерлері Атырау облысы перинаталдық орталығының бас дәрігері Қуаныш Нысанбаевты, сондай-ақ жаңа туған нәрестені өлтірді деп айыпталған акушер-гинекологты ұстаған еді. Қызметкерлер баланы өлі туды деп рәсімдеген.
Алайда одан тіршілік нышаны байқалған кезде дәрігерлер құжаттарды қайта рәсімдегісі келмей, оны тоңазытқыш камерасына жіберген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1878424-almaty-oblysynda-katygez-ana-sbiin-ltirip-denesin-mzdatkysta-zasyrgan/