Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақшаны тез жинауға мүмкіндік беретін салымдар

Опубликовано:

Иллюстративное фото
Иллюстративное фото: pixabay.com

Қаржылық сауаттылық, қаражат жұмсаудағы тиянақтылық, ақшаны дұрыс үнемдеу әрі табысты арттыру - бұл бүгінгі күннің басты талабы. Ақшаны жұмсай білуден бөлек, оны сақтай білудің де маңызын ұмытпаған абзал. Бұл тұста, қаражатты сақтаудың ең тиімді әрі сенімді түрі – банк салымы екені сөзсіз. Депозитте ақша сақтаудың артықшылығы неде және банк салымының қандай түрін таңдаған жөн сынды сұрақтардың жауабын біздің кезекті мақаламыздан ала аласыз.

«Судың да сұрауы бар», «Қанағат - қарын тойғызар», «Түстік өмірің қалса, күндік азық жина»... Халқымыздың көнеден келе жатқан осындай дана сөздері қазіргі уақытта да өзінің маңыздылығын жоғалтқан емес.

Әрине, қалтасы қалың болса, адамдар өздерін сенімді сезінері hақ. Өйткені дәл қазіргі нарық заманында «Әр басқан қадамың ақша тұрады» десе де болады. Барлығы болмаса да көп нәрсе ақшамен өлшенеді. Алға қойылған кез келген жоспардың өзіне лайықты шығыны бар. Ауқымды іске қомақты қаржы керек. Егер қарыз алғың келмесе, оны өз күшіңмен біраз уақыт жинауыңа тура келеді. Бұл ретте ақшаны сақтауға және тезірек көбейтуге мүмкіндік беретін сенімді құралдардың бірі – банк салымы екені даусыз.

Банктерге ұсынылатын ең жоғары сыйақы мөлшерлемелерін бекіту мақсатында Қор бүгінде салымдарды: «мерзімсіз», «мерзімді» және «жинақ салымдар» деп үш түрге бөледі. Үшеуі де 2018 жылдың 1 қазанынан бастап енгізілген. Енді солардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталайық.

Мерзімсіз салым – ең үйреншікті салым түрі. Оны кез келген уақытта толықтыруға және одан азайтылмайтын қалдық шегінде ақша алуға болады.

Сыйақы мөлшерлемелері Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесмен бірдей және басқа салымдарға қарағанда төмен, бірақ инфляциядан жоғары. Мерзімсіз болып аталатындығына қарамастан бұл салымның қолданылу мерзімі бар – мұнда сыйақы мөлшерлемесі белгілі бір мерзімге тағайындалады. Банктерде мерзімсіз салымды әртүрлі мерзімге ашуға болады. Мысалы, ақшаңызды бір жылға салсаңыз, осы мерзім ішінде, яғни салымыңыз жабылып немесе әрі қарай ұзартылғанша сыйақы мөлшерлемесі өзгермейді. Бұл ретте салымның табысты болуы оған пайыздық сыйақының қалай есептелетіндігіне де байланысты. Бұл салым шартында нақты көрсетіледі. Әдетте банк сыйақы бойынша салым иесіне екі базалық нұсқаны: сыйақыны салымшының басқа банк шотына (карточкасына) аудару немесе капиталдандыру тәсілін ұсынуы мүмкін.

Егер сіз сыйақының жеке шотқа аударылғанын қаласаңыз, ол атаулы мөлшерлеме бойынша есептеледі. Бұл қарапайым пайыз: салым сомасы жылдық мөлшерлемеге көбейтіліп, 100-ге бөлінеді. Шыққан соманы әрі қарай 12 айға бөлеміз. Одан алынған сома – айлық атаулы сыйақы деп аталады. Ол сіздің қалауыңыз бойынша жеке шотыңызға аударылып отырады.

Капиталдандыру – бұл есептелген пайыздың салым сомасына автоматты түрде қосылып отыруы. Яғни, депозиттегі ақша оған қосылған пайыздардың есебінен арта түседі. Ал келесі кезеңде, яғни шартта көрсетілген уақытта кезекті пайыз бұған дейінгі пайыз есебінен көбейген салымға есептеліп, қосылады. Капиталдандыру жиілігі неғұрлым жоғары болған сайын депозиттің табыстылығы да жоғары болады, ол жиілік салым шартында көрсетіледі.

Банктер Азаматтық кодекске сәйкес салымшыларға ақшасын 7 жұмыс күні ішінде беруге міндетті. Банк кассасынан ірі көлемде қолма-қол ақша алу үшін бұл туралы банкке алдын ала хабарлау қажет. Егер ақша депозитте ұзақ жатпаса (әдеттегідей бір айдан аз уақыт), банк сыйақы есептемеуі мүмкін немесе оны төменгі мөлшерлеме бойынша есептейді.

Жинақ салым – бұл теңгелік депозиттер ішіндегі ең жоғары сыйақы мөлшерлемесі бар, мерзімінен бұрын алуға болмайтын депозит. Оның мөлшерлемелері қашанда жоғары деңгейде. Бұл салымдардың мерзімділігіне, сондай-ақ толықтырылатын және толықтырылмайтын түріне қарай сыйақы мөлшерлемесі де әрқалай болады. Бұл ретте толықтыруға болатын салымдардың мерзімі ұлғайған сайын сыйақы мөлшерлемесі азаюы, толықтыруға болмайтын салымдардың мерзімі ұлғайған сайын, керісінше, сыйақы мөлшерлемесі арта түсуі мүмкін.

Жинақ салымның шартын бұзуға, яғни оны мерзімінен бұрын, жарым-жартылай алуға болмайды. Алған жағдайда депозитке салған ақшаңыз толығымен қайтарылады, бірақ сыйақыдан қағыласыз. Салым автоматты түрде жабылады және сізге депозиттің банкте жатқан кезеңіне қарай жылдық 0,1 пайыздан аспайтын көлемде ғана сыйақы мөлшерлемесі беріледі.

Ақшаңызды алу үшін алдын ала банкке өтініш білдіруіңіз қажет. Әрі қарай банк оны күнтізбелік 30 күннен кейін беруге міндетті.

Дегенмен жинақ салым - ақшасын банкке ұзақ уақытқа салуды жоспарлаған және оны мерзімінен бұрын алмайтындығына сенімді салымшылар үшін өте қолайлы. Жинақ салымды нағыз тиімді инвестиция деуге болады.

Мерзімді салым - пайыздық сыйақысы жоғары, үстінен ақша салуға және мерзімінен бұрын ақша алуға болатын, мерзімсіз және жинақ салымның арасындағы ең бір үйлесімді әрі икемді түрі.

Банктерде мерзімді салымды үш айдан екі жылға және одан да ұзақ мерзімге ашуға болады. Бұл салымдардың үстінен қосымша ақша салуға болатын және болмайтын түрлері бар. Солардың ішінде толықтыруға болатын және бір жылдық мерзімге ашылатын түрі салымшылар арасында өте танымал.

Мерзімді салымдардың пайыздық сыйақы мөлшерлемесі айтарлықтай жоғары: инфляцияны басып озып, қомақты табыс әкеледі.

Мерзімді салымнан ақшаны мерзімінен бұрын жартылай немесе толығымен ала беруге болады. Шот жабылмайды. Бірақ сыйақы төмендетіледі. Қалайша? Банк депозитте нақты қанша ақша жатқандығына қарай сыйақы мөлшерлемесін қайта есептейді, яғни салымшыға айыппұл салады. Бұл жерде сыйақы төрт сценарий бойынша азаюы мүмкін. Қандай сценарий қолданылатыны банк салымы шартында нақты көрсетіледі.

Енді осылардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталайық.

Бірінші сценарий. Банк есептелген (капиталдандырылған) сыйақының тек 50 пайызын ғана төлейді.

Мысал. Салым мерзімі - 1 жыл. Сомасы - 100 000 теңге. Толықтырылған жоқ. Номиналды, яғни атаулы сыйақы мөлшерлемесі - 11,4%. Ол ай сайын капиталдандырылады.

1) Депозит толығымен алынатын жағдай.

Салымшы 10 айдан кейін салым шартын бұзып, барлық сомасын қайтарып алады. Бұл ретте депозит сомасы 10 ай ішінде есептелген сыйақыны қосқанда 109 917 теңгені құрады (сыйақы - 9 917 теңге). Депозитті мерзімінен бұрын алғаны үшін қолданылатын айыппұл сыйақының 50 пайызын құрайды. Ол - 4 958 теңге болады.

Айта кетелік, бұл жерде жылдық сыйақының 12-ден бір бөлігі ай сайын салым сомасына қосылып отырды. Яғни, сыйақы әр айдың соңында, өткен айдағы сыйақы есебінен көбейген салым сомасына есептеледі: 100 000*11,4/100/360*30 = 950

1-ай: 100 000+950=100 950;

100950*11,4/100/360*30 = 959

2-ай: 100950+959=101 909.

Таблица
Фото: «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ

*Дөңгелектелген мәндер

2) Депозит ішінара алынатын жағдай.

Салымшы депозиттің бір бөлігін – 50 000 теңгені 10 ай ішінде қайтарып алады. Алынған сомаға 10 ай ішінде есептелген сыйақы - 4 958 теңге. Салымның бір бөлігін мерзімінен бұрын алғаны үшін қолданылатын айыппұл - алынатын сомаға есептелген сыйақының 50 пайызына тең. Ол – 2 479 теңге.

Екінші сценарий. Банк депозитті алуға дейін 90 күн ішінде есептелген сыйақыға тең соманы ұстап қалады.

Мысал. Салым мерзімі - 1 жыл. Сомасы - 100 000 теңге. Толықтырылған жоқ. Атаулы сыйақы мөлшерлемесі - 11,4%. Ол ай сайын капиталдандырылады. 1) Депозит толығымен алынатын жағдай.

Салымшы 10 ай өткен соң, салым шартын бұзып, депозиттің барлық сомасын қайтарып алады. Бұл жағдайда салымды мерзімінен бұрын алғаны үшін қолданылатын айыппұл соңғы 90 күн ішінде есептелген сыйақы мөлшеріне тең (1015+1025+1034). Ол - 3 074 теңге.

2) Депозит ішінара алынады.

Салымшы депозиттің бір бөлігін - 50 000 теңгені 10 ай ішінде қайтарып алады. Қолданылатын айыппұл алынатын сомаға 90 күн ішінде есептелген сыйақыға тең. Ол - 1537 теңге.

Үшінші сценарий. Депозитті мерзімінен бұрын алу сәтінен бастап, мерзімі аяқталғанға дейін есептелуі тиіс сыйақының 50 пайызы ұстап қалынады.

Мысал. Салым мерзімі - 1 жыл. Сомасы - 100 000 теңге. Толықтырылған жоқ. Атаулы сыйақы мөлшерлемесі - ай сайынғы капиталдандырумен - 11,4%.

1) Депозит толығымен алынатын жағдай. Салымшы 10 ай өткен соң, салым шартын бұзып, депозиттің барлық сомасын қайтарып алады. 10 айдан кейінгі сыйақы мөлшері 9 917 теңгені құрады. Егер салым мерзімі сақталғанда оған 12 015 теңге сыйақы есептелер еді. Яғни, салымшы 2 098 теңгеден қағылды деген сөз. Депозитті мерзімінен бұрын алғаны үшін қолданылатын айыппұл осы алынбай қалған сыйақының жартысына тең. Ол - 1049 теңге.

2) Депозит ішінара алынады. Салымшы депозиттің бір бөлігін 50 000 теңгені 10 ай ішінде қайтарып алады. Осы сомаға 10 айда есептелген сыйақы - 4 958 теңге. Егер салым мерзімі сақталған жағдайда, алынған сомаға есептелген сыйақы 1049 теңге болар еді. Сәйкесінше қолданылатын айыппұл - 525 теңгеге тең.

Төртінші сценарий. Банк сыйақыны депозит бойынша атаулы сыйақы мөлшерлемесінің 50 пайызы көлемінде есептеуге құқылы.

Мысал. Салым мерзімі - 1 жыл. Сомасы - 100 000 теңге. Толықтырылған жоқ. Атаулы сыйақы мөлшерлемесі - ай сайынғы капиталдандырумен - 11,4%.

1) Депозит толығымен алынады. Салымшы 10 айдан кейін салым шартын бұзып, барлық сомасын қайтарып алады. 10 ай ішінде оған 11,4 пайызбен 9 917 теңге сыйақы есептелді. Мерзімінен бұрын алу кезінде сыйақы 5,7 пайызбен қайта есептеледі және ол - 4 853 теңгені құрайды.

2) Депозит ішінара алынады. Салымшы депозиттің бір бөлігін - 50 000 теңгені 10 ай ішінде қайтарып алады. Алынған сомаға 10 ай ішінде 11,4 пайызбен 4 958 есептелді. Мерзімінен бұрын алу кезінде алынған сомаға сыйақы 5,7 пайызбен қайта есептеледі және ол - 2426 теңгені құрайды.

Әрбір салым түрінің өз қажеттілігі бар. «Барлық жұмыртқаларды бір себетке салмаңыз» деген қағиданы басшылыққа ала отырып, ақшаңызды толықтыруға болатын және болмайтын жинақ, мерзімді және мерзімсіз салымдарға үйлестіріп салыңыз. Сонда табысыңыз молая түседі. Бұл ретте әрбір депозитке салынған салым сақталуына кепілдік берілген шекті сомадан аспағаны жөн

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1887625-aksany-tez-zinauga-mmkindik-beretin-salymdar/

pixel