Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде әкім 5 баланы өрттен құтқарды: Оқиғаға қатысты тың деректер пайда болды

Опубликовано:

Фото
Оқиға орнынан фото: Ақтөбе облысының ТЖД

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Сұлукөл ауылындағы тұрғын үйдің түгі қалмай өртеніп кетті. Жанып жатқан үйге кірген ауыл әкімі бес баланы аман алып қалған. Өрт шыққан кезде бесіктегі бауырын тастап кете алмаған бүлдіршіндер үйден де шыға алмай қалған. Балалардың үлкені 8 жаста деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Оқиға 10 желтоқсан күні күндізгі сағат 10:40-та тіркелді.

"Өрт оқиғасы бір жағы дүкен етіп салынған, әкімдікке жақын жердегі үйде болды. Сол күні әкімдікте электр жарығы болмай, сыртқы жұмыстарда жүр едім. Бір себеп болған шығар, үйдің дүкен жағындағы терезесінен түтін шығып жатқандай көрінді. Түтіннің қоюлай бастағанын көріп, ойланбастан жүгірдім.
Үйге келгенімде балалар есікті ашып, дәлізде жиналып тұрды. Бесіктегі қарындастарын шығара алмай жылап тұр екен. Оларды жүгіріп жүріп көрші үйге апардым. Ойлануға уақыт болған жоқ. Ата-аналары ауылдағы екінші дүкеніне зат апаруға кеткен екен. Бірден хабар берілді. Артынша өрт күшейіп кетті. Мен үлкен ерлік жасадым деп ойламаймын. Кез келген адам осылай жасар еді",- дейді Сұлукөл ауылының әкімі Нұрдәулет Смағұлов.
Фото
Оқиға орнынан фото: Ақтөбе облысының ТЖД

Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, өрт аумағы 200 шаршы метр. Тұрғын үй толықтай жанып кетті. Балалардың ата-анасы бесіктегі баласына дейін арқалап алып шыққан ауыл әкіміне алғыс айтуда.

"Бірінші Аллаға шүкір деймін. Періштелерім Алланың қорғауында болған шығар. Бес балам бауырымда. Ауыл әкімі дер кезінде келіп, сыртқа шығарып алған. Баламның үлкені 8 жаста. Үйіміздің бір басы дүкен еді. Балам үйдің төбесінен қатты дыбыстардың шыққанын естіген. Іштен дүкеннің есігін ашып қалған кезде үйдің ішін түтін алып кетеді. Ұйықтап жатқан бауырларын бірден оятып, киіндірген. Сол аралықта үйге әкім жүгіріп кірген. Бесіктегі баланы да сыртқа шығарып үлгерді, алғысым шексіз", - дейді әлі де қорқынышын баса алмаған Мерейгүл Әбдіхалықова.

Фото
Фото: Ақтөбе облысының ТЖД

Өрт сөндірушілер үйден газ балонын алып шыққан. Мамандар қауіпсіздік ережесіне салғырт қарамауды ескертеді.

Фото
Фото: Ақтөбе облысының ТЖД

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1888951-aktbede-kim-5-balany-rtten-ktkardy-okigaga-katysty-ty-derekter-pajda-boldy/

pixel