Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде шахтада болған жарылыстан аман қалған кенші оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Жарияланған күні:

шахта1
Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтөбе облысындағы кен орындарының бірінде жарылыс жұмыстарын жүргізу кезінде төрт жұмысшы қайтыс болып, тағы бірі зардап шеккен болатын. Жарылыстан тірі қалған кенші оқиғаның мән-жайын айтып берді деп жазады "Диапазон" басылымы.

30 желтоқсан күні Ақтөбе облысының Хромтау ауданында орналасқан "Весенняя Аралчинская" шахтасында болған жарылыстан аман қалған кенші - 59 жастағы Қанат Абдуллаев.

Ол сол күнгі жағайды есіне алып, оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

"Әдетте жарылыстан кейін жарылыс толқыны болады, бірақ одан зиянды газдар бөлінбейді. Біз жарылыс жұмыстарын жүргізгеннен кейін көлікке отырып, жоғарыға көтерілетінбіз. Жарылғыш заттар көлікпен жеткізіледі, көліктің артында адамдарға арналған кабина болады.

Бұл жолы жарылыстан кейін қою ақ тұман пайда болды. Мүмкін 20 сантиметрге дейін бір нәрсе көруге болатын шығар, бірақ одан әрі түк көрінбей кетті. Біз көлікке отырып үлгердік, ол алға қарай жылжып жатқанымен, түк көрінбеді. Тұншығып бара жаттық, сосын өзін-өзі құтқару құралдарын шығардық. Содан кейін көлік тоқтап қалып, бәрі жоғарыға қарай жүгіре бастады", - деп есіне алды Қанат Абдуллаев.

Кенші дер кезінде газдан құтқару құралын тағып үлгерген.

"Мен айқайлап "тоқта, артқа" дей бергенімде газ жұтып үлгердім, артынша орнымда үнсіз отырып, газдан құтқару құралы арқылы дем ала бастадым. Біраз уақыттан кейін тұман сейіле бастады. Мен шамамен 20-40 минуттай отырдым. Шлангасыз дем алу мүмкін болған кезде, мен жігіттерді іздей бастадым. 50-60 метр қашықтықта төртеуі де жерде жатты. Біреуі құтқарушы құралын қолынан түсіріп алған екен, екеуі құралды таққан күйі жатты, үшіншісі құралды қолында ұстап жатты. Олар уланып қалды. Жалпы, газдан құтқару құралы 2 сағат 40 минутқа жетеді, ең бастысы оны қолданып үлгеру керек", - дейді ол.

Қанат Абдуллаев тұманның неден пайда болғанын білмейтінін алға тартты.

"Сол күні не болғанын, тұман қайдан шыққанын білмеймін, мұндай жағдай ешқашан болған емес. Мүмкін, желдеткішпен бірдеңе болған шығар. Мен жарушы ретінде бұл жерде бір жылдан бері жұмыс істеп келемін. Жарыушы ретіндегі жалпы жұмыс тәжірибем 32 жылды құрайды", - дейді кенші.

Еңбек инспекциясы бөлімінің хабарлауынша, кеншілер белгісіз газбен уланғаннан қайтыс болды деген болжам жасалуда. Қазір шахтадағы барлық жұмыс тоқтатылып, Қылмыстық кодекстің 156 бабы, 4-бөлігі (еңбекті қорғау ережелерін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтыру) бабы бойынша іс қозғалған. Тергеу жүріп жатыр.

Марқұмдардың отбасыларына жерлеуге 2 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар әр отбасыға 20 миллион теңгеден бір реттік көмек, баспана сатып алып беру, марқұмдардың кенже балалары кәмелетке толғанға дейін жалақыны сақтау, жоғары оқу орындарында балаларды оқытуға қолдау сынды көмек көрсетілмек.

Аман қалған кеншіге одан әрі емделуі үшін 5 миллион теңге бөлу мәселесі шешілуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1892421-aktbede-sahtada-bolgan-zarylystan-aman-kalgan-kensi-okigany-kalaj-bolganyn-ajtyp-berdi/