Оралда алапат өрттің салдарынан үш отбасы далада қалды
Жарияланған күні:
Оралда алапат өрттен тұрғын үйдің төрт бірдей пәтері күл-талқан болды. Оқиға салдарынан бір адам қаза тапқан. Өрттен аман шыққанымен, далада қалып қойған тұрғындар енді не істейтіндерін және кімнен көмек сұрайтындарын білмей отыр деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Оқиға күтпеген жерден болған - көршілердің айтуынша, кешкі 10-дар шамасында өрт тұтанған. Үй ағаштан жасалғандықтан, бірнеше минут ішінде барлық заттар мен жиһаздар жанып кеткен, ал өрттің ошағы мүлде күлге айналғанға дейін жанған.
Көршісі өртеніп жатқан үйден қою түтінді байқап, көшеге жүгіріп шығып, есікті бұза бастайды. Оның айтуынша, дәл осы сәтте өрт шатырға жақындап қалған және бүкіл ғимарат қара түтінге оранып үлгерген екен.
Өрттен 88 жастағы пәтерлер иелерінің бірі қаза тапты: ол үйден уақытында шығып үлгермей қалған.
"Түк көрінбей қалды. Тек қара түтін болды. Ол тірі шығар, үйге кіріп оны сол жерден шығарып алуымыз керек деп айттым. Бірақ ол үйге кіру мүлде мүмкін емес еді", - деп есіне алды көршісі Евгения Шиш.
Өрт сөндірушілерге тілсіз жауды ауыздықтау үшін сегіз арнайы техника қажет болды. Өртті 20 адам шамамен жарты сағат ішінде сөндіре алған.
"Қазіргі уақытта өрттің себептері мен кінәлілерді анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдын ала себеп - темекі шегу кезінде отқа ұқыпсыз қарау", - деді БҚО Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Арман Тоқанов.
Өрттен аман қалғандардың барар жері жоқ. Зардап шеккен көпбалалы ана Лунара Сариеваның үлкен отбасын туыстары уақытша паналатқан.
"Қазіргі уақытта ол жерде тұру мүмкін емес, шатыры мен қабырғалары апаттық жағдайда. Үйдің екінші жағы әбден күйіп кеткен. Ол кез келген сәтте құлап кетуі мүмкін. Менің төрт балам бар, мен сол жерде балалармен бірге тұрып, тәуекелге барғым келмейді", - дейді Лунара Сариева.
Әкімдік зардап шеккен отбасыларға материалдық көмек көрсететіндерін айтты. Өтемақы өртенген тұрғын үйдің шаршы көлеміне қарай есептеледі. Алайда, телеарна тілшілерінің пайымдауынша, үй тұрғындары барак типтес бөлмелерде тұрып жатқандықтан, төлем айтарлықтай жоғары бола қоюы екіталай.
Т.Рудаметованың материалынан аударылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1896060-oralda-alapat-rtti-saldarynan-s-otbasy-dalada-kaldy/