Ақмола облысында ұлын өрттен құтқармақ болған әке онымен бірге көз жұмды
Жарияланған күні:
Ақмола облысында өрт кезінде әкесі мен баласы қаза тапты. Қайғылы оқиға бүгін түнде Зеренді ауданы, Алексеевка ауылында болған. Ер адам өрттен алып шығып үлгерген тағы бір бала ауруханада жатыр. Оқиғаның мән-жайын ауыл әкімдігі баяндады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Алексеевка ауылы Көкшетау қаласынан отыз шақырым жерде орналасқан.
Түнгі сағат үште өрт сөндіру қызметіне тұрғын үйдің өртеніп жатқаны жөнінде хабарлама түскен.
Ауыл әкімдігінің мәліметінше, оқиға орнына бес өрт сөндіру көлігі келген, бірақ адамдарды құтқарып үлгермеген.
Қайтыс болған 30 жастағы ер адамның туыстарының айтуынша, өртке оранған үйде әкесі 6 және 1 жасар екі баласымен тұрған. Ал анасы ауруханада ем алып жатқан екен. Отағасы кеніште автослесарь болып жұмыс істеген.
Түнде өрт кезінде ер адам қолына кіші ұлын алып, көрші үйде тұратын қайын атасына жалаң аяқ жүгіріп барған. Баланы сонда қалдырған әке үйіне қайта барған.
Туыстары ер адамның өртеніп жатқан үйге қалай жүгіріп кіргеніне, артынан қатты дауыс шығып, газ баллонының жарылғанына куә болған.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар әкесі мен баласының денесін тапқан. Соңғы сәтте ер адам ұлын денесімен жауып қалған, алайда екеуі де ажал құшқан.
Қазіргі уақытта құтқарылған сәби әжесімен бірге ауруханада жатыр.
Ал ауыл тұрғындары, еріктілер, әкімдік пен кеніш қызметкерлері ақша жинап, жерлеу рәсімін ұйымдастырумен айналысып жатыр.
Айта кетейік, Жамбыл облысына қарасты Жаңатаста қаласында 5 баланың өмірін жалмаған өрттің неден шыққаны әлі анықталған жоқ.
Нақты себебін анықтау үшін бірнеше сараптама тағайындалған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1900414-aqmola-oblysynda-ulyn-ortten-qutqarmaq-bolgan-ake-onymen-birge-koz-zumdy/