Ақтөбеде тұрғын үйде газ баллоны жарылып, 11 жастағы бала қаза болды
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында қайғылы жағдай тіркелді. Тұрғын үйде газ баллоны жарылып, бір отбасы зардап шекті. Қызыл жалын кезінде 11 жастаға бала қаза болды. Марқұмның ағасы мен әкесі ауруханада деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Оқиға 24 ақпан күні түнгі сағат 23:51-де тіркелді. Облыстық төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, Мұғалжар ауданы Зауыт көшесінде бір қабатты үйде газ баллон жарылып, артынан өрт шыққан. Мамандар жалынды төрт сағатқа жуық сөндірген.
"Оқиға орнына Мұғалжар ауданы өрт сөндіру бөлімі, полиция және жедел жәрдем бригадасынан 13 адам мен 4 бірлік техникасы оқиға орнына дереу жетті. Өрт ауданы жалпы 80 шаршы метр жерді шарпыған. Жарылыс салдарынан үйдің қабырғалары құлады. Қабылданған шаралар нәтижесінде сағат 03:20-да өрт толықтай сөндірілді" ,-деп хабарларды облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметі.
Оқиға кезінде 2010 жылы туған бала қайтыс болды. 1968 жылы туған үй иесі мен 1998 жылғы азамат әртүрлі дәрежедегі күйік алып жедел түрде аудандық ауруханаға жеткізілді.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин мән-жайын анықтау үшін арнайы жедел комиссия құрды. Аудан әкімі орынбасары, төтенше жағдай бөлімі, полиция оқиға болған жерде жұмыс жүргізіп жатыр.
"Күйік шалған екі адамды Ақтөбе қаласына санавиация арқылы алдыру қаралуда. Отбасына психологиялық көмек жасалуда. Мәслихат хатшысы, аудан депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері Мұғалжар ауылына барып, зардап шеккен отбасына тұрғын үй алып беру мәселесімен айналысып жатыр. Аудандық комиссияда отбасына «өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету» бағыты бойынша көмек беру қаралады",- деп хабарлайды облыс әкімдігі.
Сонымен қатар, қайтыс болған баланы жерлеу жұмыстары, отбасын тұрмыстық қажетті заттармен көмек беру бойынша кәсіпорындармен жұмыс жүріп жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1900759-aqtobede-turgyn-uide-gaz-ballony-zarylyp-11-zastagy-bala-qaza-boldy/