Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда полицей құрылысы аяқталмаған үйдің төбесінен құлап кетті

Жарияланған күні:

Тәртіп сақшысы
Көрнекі фото: pixabay.com

Әлеуметтік желіде Алматыдағы Зерделі шағын ауданында құрылысы бітпеген үйден полиция қызметкерінің құлап кеткені туралы ақпарат пайда болды. Бұл мәліметке қатысты қалалық полиция департаменті пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Оқыс оқиға туралы ақпаратты Facebook желісінде қолданушылардың бірі жария еткен. Оның сөзінше, келеңсіз жайт тәртіп сақшысы жасөспірімдердің соңынан қуған кезде болған.

Бұған қатысты Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне пікір білдірді.

"Қараусыз қалған құрылыс алаңының төбесінде тұрған 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер тобы ұшырауы мүмкін қайғылы оқиғаның алдын алу кезінде Алматы қаласы Алатау ауданы ювеналды полициясының қызметкері жарақат алды. Профилактикалық әңгіме кезінде ол сүрініп кетіп, төмендегі қабатқа құлап кеткен", - дейді баспасөз қызметі.

Полицияның дерегінше, зардап шеккен қызметкерге ота жасалған. Алайда оның жағдайы әлі де ауыр.

Кәмелетке толмағандардың ата-анасына қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 127 бабы бойынша (ата-аналардың немесе басқа заңды өкілдердің балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамауы) хаттама толтырылған.

Жасөспірімдердің ешбірі зардап шекпеген. Олар қауіпсіз жерге жеткізілген.

Еске сала кетсек, Семейде полиция қызметкері көшеде инсульт алып қалған ер адамның жүрегіне массаж жасап, оны жасанды жолмен тыныстандыру арқылы аман алып қалған еді.

Полицейдің іс-әрекеті туралы куәгерлердің бірі әлеуметтік желіде айтып берген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1901542-almatyda-zasospirimderdi-qugan-policei-salynyp-bitpegen-uiden-qulap-ketti/