Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда үйі өртенген жалғызбасты ана төрт баласымен далада қалды (видео)

Опубликовано:

Ана
Кадр: "Алматы" арнасы

Алматыда үйі толықтай өртеніп кеткен жалғызбасты ана төрт баласымен далада қалды. Ол зейнеткер әкесімен бірге бүгінде туыстарының үйін паналап жүр деп хабарлайды Almaty.tv.

Наурызбай ауданы Қанат бау-бақша серіктестігіндегі үйдің өртеніп жатқанын алғаш болып көршілері байқаған. Олар бірден үй қожайынына телефон арқылы хабарласып, екінші қабаттағы балконның жанып жатқанын хабарлаған.

Жалғызбасты ананың өзі өрт сөндірушілер уақытылы келмегенде қызыл жалын барлық аумақты жалмап кетер еді деп отыр.

"Өрттің аумағы шамамен 100 шаршы метрді құрайды. 21 сағат 28 минутта өрт толығымен оқшауланып, сөндірілді. Өрттен зардап шеккендер жоқ. Себебі анықталуда", – дейді Наурызбай аудандық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Абай Қашым.

Ал үй иесі тілсіз жау электр сымының тұйықталуынан шығуы мүмкін деп болжауда.

"Үйдің арғы жағында жазғы алаң бар. Біз сол жақта едік. Бір уақытта жарық бір өшіп, бір жанды. Көршім телефон шалып, сендер жақта өрт шығып жатыр ғой деді. Бері жүгіріп келгенім сол еді, балкон түгел өртеніп кеткен екен. Жақын маңдағылырдың бәрі жүгіріп келіп, көмек шақыртты. Бала-шағам қатты қорқып қалды", – дейді Наурызбай ауданының тұрғыны Қаламқас Құлымжанова.

Бүгінде өрттен зардап шеккен отбасына қоғамдық қорлар тарапынан көмек көрсетіліп жатыр. Олар азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етуде. Ал ақшалай көмек тек төтенше жағдай қызметі шығаратын шешімнен кейін төленетін болады дейді әкімдіктегілер.

"Біздің тараптан қажетті көмек көрсетіледі. Әзірге шығын көлемі есептеліп жатыр. Өрттен зардап шеккендерге қандай да бір әлеуметтік көмек көрсету үшін біз төтенше жағдай қызметінің қортындысын күтеміз. Ол біраз уақытқа созылуы мүмкін. Қорытынды шыққан соң міндетті түрде қаржылай көмек көрсетеміз", – дейді Наурызбай ауданы әкімінің аппараты әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы Әсел Жүнісова.

Авторы: Сая Меңдеке, Ялкунжан Әшімжанов

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1917864-almatyda-uii-ortengen-zalgyzbasty-ana-tort-balasymen-dalada-qaldy-video/

pixel