Төртеуі бала: Жамбыл облысында пәтерден өрт шығып, 5 адам құтқарылды (фото)
Жарияланған күні:
Тараз қаласында бүгін, 17 маусым күні өрт болып, 5 адам құтқарылды. Оның төртеуі бала деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, кешкі сағат 19:41-де бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтерлердің бірінен өрт шыққаны туралы хабар түскен.
Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер иінді сатының көмегімен 5 адамды құтқарған. Оның төртеуі бала. Сондай-ақ баспалдақ арқылы 25 адам, оның ішінде он бала қауіпсіз орынға көшірілген.
"Өрт 20 сағат 5 минутта ауыздықталып, 20 сағат 7 минутта жойылған. Жедел жәрдем бригадасы өрт оқиғасы орнынан 6 адамды емдеу мекемесіне жеткізген. Олардың ішінде екі адам күйік алып, жансақтау бөліміне жатқызылды. Олар 1949 және 1979 жылдары туған азаматтар", - деп хабарлайды төтеншеліктер.
Ал басқа зардап шеккендер медициналық көмек көрсетілген соң үйлеріне қайтарылған.
Өрт сөндірушілердің мәліметінше, өрттің алдын ала шығу себебі - отты абайсызда қолдану (темекі шегу).
Тілсіз жауды ауыздықтауға Жамбыл облысы ТЖД 30 өрт сөндірушісі мен 7 бірлік техникасы жұмылдырылған.
Осы ретте төтенше жағдайлар департаменті Тараз қаласы мен облыс тұрғындарын қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1918251-torteui-bala-zambyl-oblysynda-paterden-ort-sygyp-5-adam-qutqaryldy-foto/