Қарағандыда 4 жасар қыз бала терезеден құлап кетті
Жарияланған күні:
Қарағанды қаласының 14-шағын ауданында 2-қабатта орналасқан пәтердің терезесінен 2017 жылы туған қыз бала құлап кетті. Бұл туралы Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменті Instagram-дағы ресми парақшасында хабарлады.
Оқиға 24 маусым күні кешкі уақытта болған. Ведомство атап өткендей, ол кезде бүлдіршіннің анасы көрші бөлмеде болған екен.
Түрлі дене жарақатын алған қыз бала медициналық мекемеге жатқызылған.
Осы орайда Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті жас балалардың терезеден құлау фактісінің жиілеп кетуіне байланысты алаңдаушылық білдіріп отыр.
Ведомство ТЖД қызметкерлері полициямен бірлесіп барлық жерде қауіпсіздігі шараларын түсіндіру бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатқанын, дегенмен жаз айларында балалардың терезеден құлау фактісі азаймай тұрғанын айтады.
"Ересектер кейде баланы бірнеше секундқа қараусыз қалдырудың салдары орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін екенін есте ұстау керек. Егер сіз қырағы болмасаңыз, балалардың қызығушылығы өлімге әкелуі ықтимал", – дейді ТЖД.
Еске салсақ, дәл осындай оқыс жағдай 18 мамыр күні Ақтөбедегі Нефтянников көшесіндегі көпқабатты үйде болған еді.
Төрт жасар бала үйдің төртінші қабатынан абайсызда терезеден құлап кеткен. Оқиға бүлдіршіннің анасы бес айлық қызына қарап отырған уақытта болған.
Мамандардың пікірінше, осындай келеңсіз жайттар бала анасының немесе әкесінің назарынан тыс қалуынан ғана емес, сонымен қатар, пәтердегі ашық терезелердің қажетті құралдармен жабдықталмаған кесірінен де болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1919534-qaragandyda-4-zasar-bala-terezeden-qulap-ketti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.