Қарағанды облысында 23 жастағы жігіттің өртенген денесі табылды
Жарияланған күні:
Қарағанды облысында Ұлытау ауданының Байқоңыр ауылында өрт салдарынан 23 жастағы қарағандылық қаза тапты деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.
Бұл туралы Instagram әлеуметтік желісіндегі etozhez тобы өңір басшысы Жеңіс Қасымбектің сөзіне сілтеме жасап хабарлады.
"Ұлытау ауданында дала өрті салдарынан төтенше жағдай режимі жарияланды. Өкінішке қарай, адам шығыны орын алып, көз жұмған жас жігіттің денесі табылды. Тиісті тергеу шаралары жүргізілуде. Сондай-ақ, 200-ден астам қой қырылды.
Қазіргі уақытта облыс бойынша 17 табиғи өрт ошағы бақылауға алынды. Оқиға орнында тәулік бойы 70 бірлік техника, төтенше жағдайлар департаментінің 350-ден астам қызметкері мен еріктілер жұмыс істеуде.
Сондай-ақ орын алған 15 өрттің 10-ы жойылды. Қазір 2 дала өрті және 5 өрт ошағы бақылауға алынған.
Табиғи өрт ошақтарын сөндіруді жедел ұйымдастыру үшін "Қазавиақұтқару" АҚ тікұшағы жұмыс жасауда. Өрт сөндіру шараларын менің орынбасарым Серік Шайдаров басқарады", - делінген хабарламада.
Sputnik Қазақстан мәліметінше, бұл жағдайға қатысты төтенше жағдайлар департаменті пікір білдірген.
"4 шілдеде Қарағанды облысының аумағында дала өртінің 12 ошағы бақылауға алынды, оның ішінде Ұлытау ауданының аумағында екі дала өрті тіркелді", - деді ведомство.
Өрт Керегетас, Ойшыбар, Қалыбай, Демеубай, Сарысай, Қызылсай, Ермек және тағы басқа ауылдарды шарпыған.
Қоскөл ауылынан солтүстік-батысқа қарай 40 шақырым жерді тексеру кезінде жанып кеткен УАЗ автокөлігінің ішінен 1998 жылы туған ер адамның денесі табылды. Жас жігіт өрт сөндіру жасақтары еріктілерінің қатарында болмаған және дала өртін сөндіруге тартылмаған. Өлімнің себебін Ұлытау аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері анықтап жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1921027-qaragandy-oblysynda-23-zastagy-zigittin-ortengen-denesi-tabyldy/