RU

Алматы облысында жасөспірім қыздар күшікті құзға лақтырып, бұл әрекетін видеоға түсірген

Күшік
Фото: "Время" газеті

Алматы облысы Талдыбұлақ ауылында жасөспірім қыздар күшікті биік құздан лақтырып жіберіп, бұл әрекетін видеоға түсіріп, оны әлеуметтік желіде жариялаған. Айта кетерлігі, күшікті құздан бір емес, бірнеше мәрте лақтырса да, жануар өзін өлімге қиған қожайынының үйіне қайтып барған, деп хабарлайды "Время" басылымы.

Жасөспірім қыздардың бірі күшікті құздан лақтырып, екіншісі оны видеоға түсіріп тұрған. Аталған видео әлеуметтік желіде лезде тарап кетті. Бейнежазбада қыздың күшікті лақтырғаны және күшіктің қыңсылағаны естіледі.

Аталған жайт жергілікті полиция назарынан да тыс қалмады. Видеоның қайда түсірілгені анықталып, жасөспірімдердің бірі табылған. Оның 14 жастағы Талдықорған қаласының тұрғыны екені және оның Кербұлақ ауданы Талдыбұлақ ауылында тұратын әжесінің үйіне қонаққа барғаны анықталған.

Нәтижесінде, жануарларға қатыгездік таныту дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, жасөспірімнің ата-анасымен ювеналды полиция қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жануарларды қорғау жөніндегі ұйымдар да бұл жайтқа көз жұма қарай алмағандарын айтады. Желіде аталған видеоны көрген олар бірден Талдыбұлаққа барған.

"Осы сұмдық видеоны көріп, бірден сонда жол тарттық. Күшікті құздан лақтырған қыздың үйіне тіке бардық. Білесіздер ме, ол күшік өздігінен жаңағы шұңқырдан шығып, өзін лақтырған қожайынының үйіне барыпты. Біз оны дереу Алматыдағы ветеринарлық клиникаға апарып, рентенге түсірдік. Күшіктің үш қабырғасы сынып, бас-ми жарақаты мен бүйректеріне зақым келіпті", - дейді көзіне жас алған Вероника Гузенко.

Қазіргі таңда еріктілер күшікті өз үйіне алған.

Ескерту! Аталмыш материалды "Время" басылымының рұқсатынсыз көшіріп басуға, таратуға тыйым салынады

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1926694-almaty-oblysynda-zasospirim-qyzdar-kusikti-quzga-laqtyryp-bul-areketin-videoga-tusirgen/