Сәтбаевта белгісіз біреу 41 жастағы қала тұрғынын атып кетті
Жарияланған күні:
Сәтбаев қаласында белгісіз біреу түнде 41 жастағы қала тұрғынын атып кеткен. Алған жарақаты салдарынан ер адам көз жұмған деп хабарлайды zakon.kz Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға 20 тамыз күні сағат түнгі 01:00 шамасында болған.
"Белгісіз біреу атыс қаруын қолданып, Сәтбаевтың 41 жастағы тұрғынын өлтірген", - дейді Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 99- бабы (Адам өлтіру) бойынша қылмыстық іс тіркелген.
Оқиға орнында Қарағанды облысы полиция департаментінің және Сәтбаев қаласының полиция басқармасының жедел-тергеу топтары жұмыс істеуде.
Қылмыстың түрлі нұсқалары тексерілуде.
Айта кетейік, бұған дейін Тараз тұрғыны кафе алдында ер адамды пышақтап кеткенін жазған едік. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, яғни адам өлтіруге оқталу бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Одан бөлек, Қарағанды облысында белгісіз біреулер бүтін бір отбасын өлтіріп кеткенін хабарлаған едік. Қаза болған 58 жастағы ер адам мен оның 59 жастағы әйелінен және 21 жастағы қызының денесінен пышақ жарақаты анықталған.
Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, жедел-тергеу шаралары барысында күдікті ретінде 33 жастағы ер адам ұсталған. Ол жанжал кезінде марқұмдарға пышақ салғанын мойындаған.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1928086-satbaevta-belgisiz-bireu-41-zastagy-qala-turgynyn-atyp-ketti/