Жамбыл облысындағы жарылыс: Жақын маңдағы ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр
Жарияланған күні:
Жамбыл облысындағы әскери бөлімнің аумағында болған жарылысқа байланысты облыс әкімдігі пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, оқыс оқиға жайлы хабар 26 тамыз күні шамамен сағат 19:10-да түскен.
Байзақ ауданы, Қайнар ауылында орналасқан Қорғаныс министрлігі №28349 әскери бөлімінің (инженерлік бригада) оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, сонымен қатар екі рет жарылыс болған.
Бұл жайттан кейін оқиға болған жерге жақын маңдағы Қайнар, Базарбай, Үш-Бұлақ, Жаңатұрмыс ауылдарының тұрғындарын эвакуациялау басталған.
Қазір оқиға орнында облыстық полиция департаментінің жеке құрамы (300 адам) және 5513 әскери бөлімінің жеке құрамы (520 адам) жұмыс істеуде.
"Оқиға орнына 30 есептеуден тұратын жедел жәрдем бригадасының және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жіберілді. Апат болған жерге баратын барлық жолдар, соның ішінде теміржол уақытша жабылды.
Қоғамдық тәртіпті қорғау және тонаудың алдын алу мақсатында эвакуацияланған елдімекендерді патрульдеу ұйымдастырылды. Байзақ ауданында жедел штаб құрылды, оны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев басқаруда", - делінген облыстық әкімдіктің баспасөз хабарламасында.
Одан бөлек, ведомство "Алматы-Тараз" , "Тараз-Алматы" тас жолының уақытша жабылғанын мәлім етті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1929110-zambyl-oblysyndagy-askeri-bolimde-bolgan-zarylys-akimdik-man-zaidy-tusindirdi/