Жамбыл облысындағы жарылыс: Бірнеше адам із-түзсіз жоғалып кетті
Жарияланған күні:
Еліміздің қорғаныс министрі онлайн-брифинг барысында Жамбыл обысындағы әскери қоймада болған жарылыс салдарын жою кезінде бірнеше адамның жоғалып кеткенін хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Әзірге біз үш әскери қызметкер мен Төтенше жағдайлар департаментінің бірнеше адамымен байланыс орната алай отырмыз. Біз олар аман-есен деп үміттенеміз. Іздеу жұмыстары жүргізілуде", - дейді Нұрлан Ермекбаев.
Ал Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин байланысқа шықпаған қызметкерлерді іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.
Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында әскери бөлім қоймасының маңынан өрт шығып, жойқын жарылыс болғаны хабарланған еді.
Төтенше жағдайға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында пікір білдірді.
Президент оқиға орнына шұғыл түрде Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрі сондай-ақ, Ішкі істер вице-министрі аттанғанын және аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлім етті.
Одан бөлек, Жамбыл облысының әкімдігі оқиға болған жерге жақын маңдағы ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріліп жатқанын мәлімдеген еді.
Жарылыстан төрт әскери қызметкер қаза тапқаны белгілі болып отыр.
Сондай-ақ, жарылыстан зардап шеккендер саны 88-ге жетті. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтты.
Жарақат алғандарға Тараз қалалық ауруханасы мен Байзақ ауданының орталық ауруханасында тиісті медициналық көмек көрсетілгені белгілі болды.
Сонымен қатар, медициналық көмек көрсетудің арқасында жеңіл жарақат алған 60-қа жуық адам үйіне қайтарылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1929184-askeri-qoimadagy-zarylys-birnese-adam-iz-tuzsiz-zogalyp-ketti/