Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ішім бір жамандықты сезді": Бүркіт Жамбылдағы жарылыстан қаза тапқан досымен болған соңғы әңгіме жайлы айтты

Жарияланған күні:

Бүркіт
Кадр: "Студия 7"

Әнші Бүркіт "Жетінші арнаның" "Студия 7" бағдарламасында қонақ болып, Жамбыл облысындағы жойқын жарылыстан қаза тапқан досы, полковник Мейіржан Айманов туралы естеліктерімен бөлісті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Өнер иесінің айтуынша, бүгінде Мейіржан Аймановтың артында бес баласы қалды - үлкені үшінші курста білім алып жүрсе, кішісі небәрі бес жаста.

Әнші марқұм полковникпен бір сыныпта оқып, жақын дос болған.

"Мектеп журналында қашан да әліппе бойынша Айманов бірінші болатын, тақтаға да бірінші шығаратын. Шашы ақшыл, өзі де аққұба келген жігіт еді", - деп марқұмды есіне алды ол.

Бүркіттің әкесі де зейнетке шыққан бұрынғы өрт сөндіруші екен. Аймановпен он жылдан соң қайтадан жақын араласа бастаған Бүркіт оның өрт сөндіруші екенін білгенде таң қалғанын жасыра алмаған.

"10 жылдан соң телефон арқылы сөйлесіп, араласып, бір-бірімізге жақын бола түстік. Ол жан досыма айналып, сыныптастарыммен байланыстырушы көпір болды. Бәріміздің басымызды қосып, Таразға келген сайын мейрамханада бірге отырып, әңгіме-дүкен құратынбыз", - дейді өнер иесі.

Әнші қайғылы жағдай орын алғанға дейін бірнеше күн бұрын іші жамандықты сезіп, досына қоңырау шалған екен.

"Қорқынышты жайттан бес күн бұрын оған қоңырау шалдым. Көлікте келе жатып, ішім бір жамандықты сезгесін, қоңырау шалған едім. Оған "Мека, Мейіржан, сенде бәрі жақсы ма?" дедім. Ол "иә" деп жауап қатты. Мен одан абай болуын сұрадым. Ол болса, "бәрі жақсы, алаң болма" деді. Кейін осындай жағдай болып отыр", - дейді Бүркіт.

Әнші жарылыс болғасын келесі күні досының қазасы туралы естіген.

"Маған түнгі 12-де сыныптасым хабарласып, досымыздан айырылып қалғанымызды айтты. Сене алмай, есеңгіреп қалдым", - дейді ол.

Сұхбат соңында өнер иесі бейбіт күнде жастарымыздың қаза тауып жатқанына налыды.

"Кінәлілерді іздей ме, жоқ па, білмедім, одан не пайда? Сабақ алып, келесіде қайталанбауын қадағалағаны болмаса... Себебі біз бейбіт күнде өмір сүріп жатырмыз, ал достарымыз, біздің жігіттер, жас жігіттер өз снардятарымыздан қаза тауып жатыр. Бұл дұрыс па? Меніңше, дұрыс емес", - дейді Бүркіт.

Еске сала кетсек, әнші бұған дейін 26 тамыз күні Жамбыл облысы Байзақ ауданында әскери қоймада болған жарылыстан жақын досы, Азаматтық қорғау полковнигі Мейіржан Аймановтың қайтыс болғанын хабарлаған еді.

Кейін президент жарлығымен Мейіржан Аймановқа "Халық қаһарманы" атағы берілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1930186-isim-bir-zamandyqty-sezdi-burkit-zambyldagy-zarylystan-qaza-tapqan-dosymen-bolgan-songy-angime-zaily-aitty/