Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Денесінің бәрі күлдіреп кеткен": Түркістан облысында екі баланың әкесін аяусыз өлтірген

Жарияланған күні:

Марқұмның жақындары
Кадр: "Астана" арнасы

Түркістан облысында айдын-күннің аманында 24 жастағы ұлынан айырылып қалған ата-ана жанайқайын жеткізді. Айтуынша, оны азаптап өлтірген күдіктілер түгел ұсталмай отыр деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Түркістан облысы Сайрам ауданының тұрғыны Ғалия Жаңабаеваның айтуынша, ұлы Айбек Бекасыл түнгі оннан аса көлік жөндеу орнына барамын деп үйден шығып кеткен.

Көлігін жөндеуге қалдырғанымен, қайтып оралмаған. Екі тәуліктен соң, оның денесі Түлкібас ауданындағы егістіктен табылған.

Қаралы отбасы ұлдарының азаптап өлтірілгенін жаназа кезінде бір-ақ білдік дейді. Шұғыл жерлеуді тоқтатып, сараптамаға жіберіпті.

"Денесін көлік жуатын пистолетпен жуған, қанын жуған. Ыстық сумен жуған. Денесінің бәрі күлдіреп кеткен. Ойылып кеткен, не деген масқара", - дейді марқұмның туысы Нұрлан Абанов.

Айбектің өліміне күдікті ретінде көлік жуатын орындағы екі жігіт ұсталған. Олар қазір қамауда. Алайда марқұмның ағасы күдіктілер түгел ұсталмағаны айтады.

Ал мәйітханадағылар Айбекті "өз қанына өзі тұншығып өлген. Еш жері сынбаған" деген ауызша қорытындымен шектелген. Бұл да күмәнді дейді марқұмның ет жақындары.

"Бұл жерде көлік жуатын орын құзырлы органдағы адамға тиесілі деп естідік. Ол да күдіктілердің бірі болып тұр деген сөз. Түлкібас ауданына апарғаны сол кісінің айтуымен болып тұр. Мен солай күдіктеніп тұрмын. Істі бұрмалап жаппақшы болған. Өзі өлді есебінде жаппақшы болған", - дейді марқұмның туысы Нұрлан Абанов.

"Сол Түлкібас ауданында құзырлы органда істеген екен. Бір жыл бопты Шымкент қаласына ауысқанына. Ол қандықол қарақшының нағашы ағасы. Күдікті оған жиен бала болады", - дейді марқұмның анасы Ғалия Жаңабаева.

Айбекті соңғы көрген адам - көлік жөндеуші. Түнгі 11-ге таяу келгенненен түнгі үшке дейін қасында болыпты. Айбектің сол жерде көлік жуатын жігітпен қалғанын айтады.

"Оны үйге апарып тастауға алып кетейін жатқан едім, көлік жуушы көрді де, "қалмайсың ба" деді. Қайтайын деп тұрған жерінен қалып қойды. "Болды. Өзім барамын" деді. Мен үйге кеттім. Азанда келіншегі қоңырау шалып жатыр, "келген жоқ, қайда" деп. Сосын іздей бастадық", - дейді көлік жөндеуші Хикматулла Құлахметов.

Қылмыс сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Онда екі жігіттің арасындағы кикілжің анық көрінеді. Айбектің құлағанына қарамай, бірі басынан тепкілеп жатыр.

Туыстарының айтуынша, бұдан өзге бейнежазба сақталмаған. Марқұмның туыстары істің әу бастан бұрмаланғанына сенімді. Сондықтан мемлекет басшысының өзінен көмек сұрап отыр. Полиция бұл істің қазір Сайрам ауданында қаралып жатқанын мәлім етті.

"Сайрам ауданындық сотымен екі күдікті қамауға алынып, қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр", - дейді Түркістан облысы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Қаракөзова.

24 жастағы Айбек Бекасылдың артында әйелі, ұлы, екі жасар қызы мен ата-анасы қалды. Марқұм отбасының бетіне қараған жалғыз ұлы. Қаралы отбасы кіләлілердің әділ жазалануын сұрайды.

А. Төребекқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1930739-denesinin-bari-kuldirep-ketken-turkistan-oblysynda-eki-balanyn-akesin-ayausyz-oltirip-ketken/