Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Екі дипломымды өртеп жіберді": Күйеуі балталамақ болған әйел Алматыға келіп, жанайқайын айтты

Жарияланған күні:

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет: Білімді ел

Жамбыл облысының тұрғыны Гүлнара Байділдаева бірнеше айдан бері Алматыдағы дағдарыс орталығын паналап жүр. Екі дипломы, үш ұлы бар мұғалім күйеуінен қашып, осында бас сауғалаған деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Гүлнара бірнеше жыл бойы мектепте сабақ берген. Алайда, жолдасы қызғанып, дұрыс жұмыс істеуге мүмкіндік бермеген соң, ақыры мектептен кетіп тынады. Кейін базарда саудамен айналысқан ол күйеуінің арағын қойдыра алмай, әбден әбігерге түскенін айтады.

"Күйеуіммен бас қосқаныма жиырма жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында оны қанша рет емдеттік. Жылына бірнеше рет алкогольге тәуелділерге арналған арнайы мекемеге де жатып шығады. Бірақ нәтиже жоқ. Бұрындары алты айға дейін ішпей жүретін. Қазір емделіп шықса да, әрі кетсе үш айға шыдайды. Соңғы кездері бір ай ғана тынығып, қайта ішетінді шығарды. Егер ішіп, жөнімен жүрсе, бір сәрі. Ол отбасына тыныштық бермей, бәрін ойрандайды", - дейді Гүлнара.

Бүгінде Гүлнараның жеке бас құжаты, дипломы, банк карточкасы, тіпті, ұялы телефоны да жоқ.

"Өзім қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімімін. Екі диплом алғанмын. Бірақ сол дипломдарды күйеуім өртеп жіберді. Банк карточкам да жоқ. Өзімде телефон да жоқ, ұлдарыммен осындағы келіншектердің телефоны арқылы сөйлесемін. Мұнда кіші баламды ғана алып келдім. Қалғандары ауылда, туыстарда қалды. Үлкен ұлым 16-ға толды. Ол күзге қарай маған келіп, жағдайды реттестіремін деп қалды. Күйеуім ішіп алса, жыны маған түсетін адам. Тіпті, кезекті айғайдың бірінде үй ішін түгел балталап тастаған. Біз әрең дегенде жасырынып, қашып үлгердік. Меніңше, енді оны түзету мүмкін емес. Не де болса ұлдарыммен бөлек кету керек. Дипломдарымды, құжаттарымды реттеу үшін ЦОН-ға барып жүрмін", - дейді ол.

Бүгінде Гүлнараға орталықтың психолог және заңгерлері көмек көрсетуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1930928-eki-diplomymdy-ortep-ziberdi-kuieui-baltalamaq-bolgan-aiel-almatyga-kelip-zanaiqaiyn-aitty/