"Дүние-мүлкім түгел жанып кетті": Қостанайда үйі өртеніп кеткен көпбалалы отбасы далада қалды (видео)
Жарияланған күні:
Қостанайда үйі өртенген көпбалалы отбасы далада қалды. Ауылдастарының айтуынша, баспананы қалыпқа келтіру үшін қомақты қаражат қажет. Ал жалғызбасты ананың үйді жөндеуге мүмкіндігі жоқ деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Қос пәтерлі баспананың бір бөлігін мекендеген Курочкиндер енді қайда барарын білмейді.
"Дүние-мүлкім түгел жанып кетті. Жиһаздар күлге айналды. Оның несиесі ғана қалды. Үстімізде не бар, сонымен ғана қалдық. Құжаттарымыз да жанып кетті", - дейді кент тұрғыны Римма Курочкина.
Қазір шиеттей бала-шағамен далада қалған жалғызбасты анаға Қостанай жұрты қолдан келгенше көмектесуде. Азық-түлік, киім-кешек жеткізіп беріп жатыр. Қайырымды жандардан бір миллион теңгеден астам ақша жиналған.
"Әлеуметтік желілер арқылы хабарлап жатырмыз. Еріктілер қол ұшын беруге келді. Ақырындап адамдар атсалысуда. Бәрі қолдан келген көмегін жасап жатыр", - дейді жергілікті тұрғын Бауыржан Жүсіпов.
Ерікті Даниль Копылов болса, отбасының қиындыққа тап болғанын әлеуметтік желі арқылы білгенін айтады.
"Мұндай жағдайға кез келген адам тап болуы мүмкін ғой. Сондықтан келіп көмектесу керек деп шештім. Дәл қазір оларға қолдау керек", - дейді ол.
Ал шаһар билігі кәсіпкерлерді жұмылдырып, өртенген жерді тазартып жатыр. Оған қоса отбасына материалдық көмек көрсетілетінін хабарлады.
Бірақ, қабырғасы ғана қалған баспананы қайта қалыпқа келтіру үшін қомақты қаражат қажет екен. Осыған байланысты жалғызбасты ана көпшіліктен көмек сұрап отыр.
З. Санай
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1933463-dunie-mulkim-tugel-zanyp-ketti-qostanaida-uii-ortenip-ketken-kopbalaly-otbasy-dalada-qaldy-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.