Атырау облысындағы атыстан жарақат алған үш жігіттің жағдайы ауыр
Жарияланған күні:
Атырау облысындағы атыстан жарақат алып, ауруханаға түскендерге қатысты жаңа дерек пайда болды. Зардап шеккен үш адамның жағдайы ауыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Қызылқоға ауданының Сағыз ауылы маңындағы атыстан жарақат алып, облыстық ауруханаға түскен үш адамның жағдайы орташа ауыр және ауыр деп бағаланып отыр.
"Облыстық ауруханаға 1985 жылы туған үш ер адам түсті. Оның біреуіне ашық бас сүйек-ми жарақаты диагнозы қойылды. Науқастың миы орташа ауыр жағдайда. Сол жақ көзінде ауыр, денесінде көптеген жарақаты бар. Қазір оның жағдайы ауыр деп бағаланған. Екінші науқас жабық бас сүйек-ми жарақатын алған. Миында жеңіл дәрежедегі контузия, денесінде көптеген жарақат анықталды. Сол жақ қолтық тұсы тілінген. Науқастың жағдайы орташа ауыр. Екі науқас та нейрохирургия бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Үшінші науқаста кеудесінің жоғарғы бөлігінің жасушалары, қолдары мен басы, беті жараланған. Сол жақ көзі көгерген. Бұл науқастың жағдайы өте ауыр болғандықтан, хирургия бөлімінде ем-дом қабылдап жатыр" , - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында ауыл жастары арасында атыс болғанын, кейіннен атыста жарақат алған бір адамның қайтыс болғанын хабарлаған болатынбыз.
Кейіннен дәрігерлер атыстан оқ тиіп, жараланғандардың жағдайы туралы айтып берген еді.
Сонымен қатар, облыстық полиция қызметкерлері бүгінде қоғамдық тәртіпті тұрақтандыру мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1939823-atyrau-oblysyndagy-atystan-zaraqat-algan-us-zigittin-zagdaiy-auyr/