Оралда белгілі дәрігер өз пәтерінде өлі күйінде табылды
Жарияланған күні:
Өткен бейсенбіде Оралда белгілі терапевт Татьяна Буткевич өз пәтерінде өлі күйінде табылды. Полицияға әйелмен бір подъезде тұратын көршілері хабар берген, деп жазады "Уральская неделя".
72 жастағы Татьяна Буткевич кардиолог, терапевт болған. Медицина ғылымдарының кандидаты №3 ауруханада бас дәрігердің орынбасары қызметін атқарып, стационарлық бөлімге жетекшілік еткен.
Оған зейнетке шыққан соң да жүгінген адамдар аз болмаған.
Көршілерінің айтуынша, ерлі-зайыптылар мен олардың ұлы тып-тыныш өмір сүрген. Өткен жылы Татьяна Сергеевнаның күйеуі қатерлі ісіктен қайтыс болған. Отағасына күтім жасап, қатты уайымға салынған дәрігердің психикалық жағдайы қиындап кеткен екен. Ол есінен адасқандай күй кешіп, үнемі күйеуін іздеумен болған.
Зейнеткердің жағдайы соңғы алты айда қатты ушығып кеткен. Оның 44 жастағы ұлы да үйден аз шыға бастаған. Анасы мен ұлы аш қалмас үшін көршілері есігіне тамақ іліп кетіп жүрген.
Ал өткен сейсенбіде Татьянаның ұлы ауырып, жедел жәрдем шақырған екен. Өкінішке қарай, ер адам қайтыс болған.
Зейнеткер содан бері үйінен шықпаған. Екі күннен кейін көршілер пәтерден жағымсыз иіс шығып жатқанын байқап, полицияға хабар берген. Аға учаскелік инспектор Қазыбек Күлбаев пәтерге кірген бойда оның денесін тауып алған. Қазір өлім себебі анықталып жатыр.
Полицияның дерегінше, бастапқыда отбасының жақындары табыла қоймаған.
Кейінірек бір келіншек хабарласып, жанұяның туысы екенін, қазір Англияда тұрып жатқанын айтып, қажетті құжаттарды сұраған. Қазір Татьяна Буткевичтің пәтері мөрленген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1941568-oralda-belgili-dariger-oz-paterinde-oli-kuiinde-tabyldy/