Шардарада қарулы қарақшылар жанармай бекетіне шабуыл жасады

Опубликовано:

мылтық
Көрнекі фото: Хабар 24

Шардарада қарулы қарақшылар жанармай бекетіне шабуыл жасады. "Nexia" маркалы автокөлікпен келген қарақшылардың қолында суық қару болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бетіне медициналық бетпердені бүркеп, қолына пышақ, екі ауыздық аңшы мылтығын, ағаш шоқпар (дубинка) ұстаған үш күдікті жанармай бекетіндегі кассаға баса көктеп кірген. Олар кассир мен оның көмекшісін қорқытып, ақша талап етіп, кассадағы 120 мың теңгені алып кеткен. Кейін бекет маңында көлікте тосып тұрған төртінші сыбайласымен бірге бой тасалаған.

Шардара мен Жетісай ауданының полицейлері қылмыскерлердің ізіне түсіп, нәтижесінде күдіктінің екеуін қолға түсірді.

"Қылмыс түнгі уақытта болғандықтан көрген-білген куәгерлер жоқ. Оған қоса күдіктілер жедел қимылдап, қашып үлгерген. Бізге хабар келісімен олардың әрекетін сараладық. Екі ауданның полицейлері бірлесе отырып, қарақшылардың көлігін оқиға орнынан 40 шақырым қашықта орналасқан Жетісай ауданындағы ауылдарының бірінен тоқтатты.

Қызметтік көлікпен соңынан жеткен полицейлерді көрген қарақшылар көлікті тастаған күйі қашуға әрекет еткен. Алайда полицейлердің кәсіби шеберлігі нәтижесінде, күдіктінің екеуі дәл сол сәтте ұсталды", - деді Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Құрманбек Сахов.

Қазір екі күдікті қамауда. Ал бой тасалап кеткен екі сыбайласы іздестіріліп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1946177-sardarada-qaruly-qaraqsylar-zanarmai-beketine-sabuyl-zasady/

jitsu gif