"Өлесіңдер деді": Алматыда жедел жәрдем көліктеріне шабуыл жасалды

Опубликовано:

Жедел жәрдем
Көрнекі фото: NUR.KZ/ Петр Карандашов

Алматыда бүлікшілер 32 жедел жәрдем көлігін зақымдаған. Қызметкерлерге де бірнеше мәрте шабуыл жасаған. Абырой болғанда, барлығы аман, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы..

Мегаполиске лаңкестер ойран салған күні  жедел жәрдем қызметі тынымсыз жұмыс істеді. Жараланғандардың біріне алғашқы медициналық көмек көрсетсе, ауыр жағдайдағыларын  ауруханаға жеткізіп, дамыл тапқан жоқ. Оларға бөгет жасағысы келген  бүлікшілер бірнеше рет шабуыл жасаған. Арандатып, алаңға шығаруға әрекет еткен көрінеді.

"Біздің айтқанымызды жасамасаңдар, көліктеріңді алып қоямыз, осы жерде қаласыңдар, өлесіңдер деп қоқан-лоққы көрсетті. Сақалдылар да болды, сақалсыздар да болды. Әскери формада да, азаматтық формада да болды", - дейді жедел жәрдем қызметінің дәрігері Бахрои Мырзаев.

"10-15 адам алдымыздан шықты да, бірден шабуыл жасады. Қолындағы таяқпен кәсіби маман сияқты сақылдатып әйнекті ұрды. Граната лақтырды, бірақ ол әскери емес екен. Мен сасқалақтап алдым да, қайтадан лақтырып жібердім", - дейді жедел жәрдем қызметінің жүргізушісі Талғат Құрманәлиев.

Қызметкерлер өзгенің өмірі үшін өз басымызды қатерге тігуге тәуекел еттік дейді. Қалада жаппай тәртіпсіздік салдарынан 32 жедел  жәрдем  көлігі зақымданып, 5 қызметкер жарақат алған.

"Адамдарды құтқаруға барғанымызда лаңкестер өзімізге шабуыл жасады. Бізге зардап шеккен әскерилерді көлікке салуға кедергі жасады. Үйтіп-бүйтіп, әйтеуір жараланғандарды алып кетіп жүрдік. Қазір осылай айтып отырмыз ғой, бірақ ол сәтте өте қорқынышты болды",- деп баяндайды жедел жәрдем қызметінің фельдшері Ерлан Лебосын.

Қазір қалада жағдай тұрақталғанымен, арнайы операция әлі де жүріп жатыр.

"Жалпы  1237 адам ұсталды. Олардың барлығы лаңкестік әркеттерге, бүлік, талқан шығару және басқа да қылмыстарға қатыстылығы дәлелденді. Заңсыз айналымнан 31 қару-жарақ 1400-ден астам оқ-дәрі тәркіленген",- дейді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Бүгінде мегаполистегі Әуезов, Алатау және Медеу аудандарының аумағы, сондай-ақ "Өжет" ықшамауданы мен Алматы халықаралық әуежайына шекаралас аумақ лаңкестерден толық тазартылды.  

Автор: Ә. Лесбек

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1950661-olesinder-dedi-almatyda-zedel-zardem-kolikterine-de-sabuyl-zasaldy/

jitsu gif