Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Көлігімен бірге өртеніп кеткен": Бір күнде ата-анасынан айырылған желтоқсаншылардың ұлы болған жайтты баяндады

Жарияланған күні:

Қаза тапқан ерлі-зайыпты
Қаза тапқан ерлі-зайыпты. Кадр: almaty.tv

Қаңтардың қанды оқиғасында мезгілсіз қаза тапқан бейбіт тұрғындардың арасында ерлі-зайыпты Гүлзифа Сабазқызы мен Қуат Керімтайұлы да болған. Марқұмдардың артында 3 баласы мен 8 немересі қалды. Бір күнде қос жақынынан айырылған жұбайлардың ұлы болған жайтты баяндады, деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.

Гүлзифа Сабазқызы мен Қуат Керімтайұлы - 1986 жылғы "Желтоқсан" оқиғасының қатысушылары. Олар 7 қаңтар күні оққа ұшып, көлігімен бірге өртеніп кеткен.

Марқұмдардың кенже ұлы Дәурен Биткембаевтың айтуынша, сол күні ол да ата-анасымен көлікке отырып, жолдан түсіп қалған екен. Оқиға Сәтбаев пен Назарбаев көшелерінің қиылысында болған.

"Сәтбаев пен Назарбаев көшелерінің қиылысы маңында өртеніп кеткен машина тұрды. 3 күннен кейін полицейлер қалған сүйектерін жинап, мәйітханаға апарып тастапты. Содан кейін машинаны Көкжиектегі айыптұраққа жіберген. Сол жерге барып қарасақ, сүйек қалдықтары қалыпты. Соны өзіміз жинадық. Денелерінен ештеңе қалмаған", – дейді Дәурен Биткембаев.

Оқиға болғаннан кейін басу айтушылардың арасында "Неге үйде отырмадыңдар?" дегендер де болыпты. Ал Дәурен қала ішінде атыс болып жатқанын өзі де, қаза тапқан ата-анасы да білмегенін айтады. Күнделікті өтіп жүрген көшесі, үйлеріне қайтатын жолы еді, дейді.

Қантөгісте қаза тапқан Гүлзифа Сабазқызы мен Қуат Керімтайұлының денесі 12 қаңтарда жер қойнына тапсырылған.

Қалалық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

"Аталмыш дерек бойынша қазіргі таңда полиция департаментінде қылмыстық іс тергелуде. Болған оқиғаның толық мән-жайы міндетті түрде өндіріс барысында анықталатын болады. Қылмыстық іс аясында тиісті сараптамалар тағайындалды", – дейді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қара жамылып отырған Дәурен Биткембаев адам сүйегін көлік сүйегінен ажырату мүмкін болмағанын айтады. Сондықтан жерлеу рәсімін 5 күннен кейін өткізген. Қаза тапқан қос азамат осыдан бір ай бұрын ғана Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай наградаларға ие болған. 

Авторы: Оразай Нұртай, Әрсен Сандыбаев, Ялкунжан Әшімжан

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1951890-denelerinen-estene-qalmagan-bir-kunde-ata-anasynan-aiyrylgan-zeltoqsansylardyn-uly-bolgan-zaitty-bayandady/