Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елдегі тәртіпсіздіктен кейін ұсталған алты адам уақытша ұстау изоляторында көз жұмды

Опубликовано:

Айыпталушы
Көрнекі фото: Максим Золотухин

Бас прокуратура арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров "Казахстанская правда" газетіне берген сұхбатында қаңтардағы тәртіпсіздіктер туралы іс бойынша ұсталған алты адам уақытша ұстау изоляторында қайтыс болғанын хабарлады.

Ожаровтың сөзінше, Бас прокуратура желісі бойынша қаңтардағы тәртіпсіздік ісі бойынша 611 тұлға күдікті ретінде танылған.

"Олардың басым бөлігі – жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу туралы бап бойынша ұсталғандар, арасында әйелдер мен кәмелетке толмағандар бар. 24 адам терроризмге қатысы бар деген күдікке ілінді. Бірақ бұл нақты деректер емес, олар күн сайын анықталып жатыр",- деді Қазақстан Бас прокуратура арнайы прокурорлар қызметінің басшысы.

Сонымен қатар, Ожаров ұсталғандарды азаптау фактісіне қатысты мәселеге жауап берді.

"Жақында ғана біз тергеуге рұқсат етілмеген анықтау әдістерін қолдану фактілері бойынша қылмыстық істерді қабылдадық. Бұрын оларды тергеумен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары айналысқан. Бізге мұндай істердің барлығы берілмеді, тек ауыр зардаптар, дәлірек айтқанда, ұсталғандардың өлімі тіркелген жағдайлар бойынша ғана. Біздің мәлімет бойынша, осындай жағдайда Алматы уақытша ұстау изоляторында екі адам, Шығыс Қазақстан облысында үш адам, Талдықорғанда бір адам қайтыс болған.

Сондай-ақ, біз Талдықорғанның тағы бір тұрғынына қатысты үтік қолданумен байланысты азаптау туралы даулы іс алдық, ол әлі күнге дейін тергеу изоляторында жатыр",- деді Ожаров.

Ол аталған фактілер бойынша тергеу жұмыстары әлі соңына жетпегенін атап өтті. Бас прокуратура нәтижені тергеу аяқталған соң хабарлайды.

"Бірақ мұндай қылмыстар жаппай сипатқа ие емес деп айта аламын", - деп сендірді Ожаров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1957465-eldegi-tartipsizdikten-keiin-ustalgan-alty-adam-uaqytsa-ustau-izolyatorynda-koz-zumdy/

pixel