"Дәрігерге барғаным үшін аямады": Қызын емдемек болған алматылық әйелді діндар күйеуі соққыға жықты
Жарияланған күні:
Алматыдағы "Жан Сая" дағдарыс орталығында түрлі тағдыр иелері бас қосқан. Олардың өмірлік хикаялары бірде сәтті аяқталса, енді бірінде отбасындағы зорлық-зомбылық одан әрі ушыға түсуде. Орталықтан пана сұрап келген Марал (қауіпсіздік мақсатында аты-жөні өзгертілді – ред.) өз басынан өткен оқиғаны баяндап, әп-сәтте отбасылық өмірінің қалай өзгергенін айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Отау құру үшін ұзақ дайындалдық. Жолдасым иманды, салиқалы азамат болатын. Үйлену тойымызда дінге қатысты барлық ғұрыптар сақталды. Ақ некеде үш баламыз дүниеге келді. Бәрі де ойдағыдай, қандай да бір ұрыс-керіссіз өтіп жатқан еді.
Кіші қызымның мидың қатерлі ауруына шалдыққаны бәрін де талқан қылды. Сырқаттың салдарынан қызымның басы күн санап өсе берді. Бұл дерт күрделі емді қажет ететін. Бірақ күйеуім дін жолында жүргендіктен, дәрігерге баруға қарсы болды", - дейді ол.
Марал қызының сырқатына бей-жай қарап отырудан шаршайды. Күйеуіне айтпай, дәрігерге жасырын түрде барады. Алайда, мұны білген күйеуі әйелін тоқтаусыз соққыға жыққан.
"Мен қызымның емін жеңілдету үшін, тоғыз ай көтерген сәбиіме шипа іздеп бардым дәрігерге. Ал жолдасым мұны опасыздық деп түсінді. Мені айыптап, аямай ұратынды, көрпемен тұншықтыратынды шығарды. Тіпті, балаларға да қол көтере бастады. Қызымның жағдайы ауыр, тұрақты ем керектігін түсінсем де, басқа балаларымның тыныштығы үшін дәрігерге баруды азайттым. Бірақ сондай күндердің бірінде күйеуім емханаға барғанымды тағы да біліп қалып, мені де, балаларды да аяған жоқ. Мұндай өмірден шаршаған едім. Дереу заттарымды жинап, дағдарыс орталығына келдім", - дейді Марал.
Орталыққа түскенде Марал жабырқаулы болатын, көздерінен шаршау мен белгісіздіктің іздері анық көрініп тұрды. Балаларының еңсесін үрей басып, оларға жақындаған жандардың бәрінен қорқып, тартыншақтайтын.
Орталық психологтары олардың психологиялық күйін қалпына келтіру үшін жұмыс істеп, заңгер құжаттарын реттеуге атсалысты.
Біршама уақыт өткен соң күйеуі де алдына келіп, кешірім сұрап, сыйлықтарын жаудырды. Барлық ауыртпалықтан кейін Марал ғашықтық сезімін, мейірімділігін сақтап, күйеуімен қайта қауышуды жөн көрді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1959655-darigerge-barganym-usin-ayagan-zoq-qyzyn-emdemek-bolgan-almatylyq-kelinsekti-dindar-kuieui-soqqyga-zyqty/